Ливиядағы шабуыл әскери қылмыс деп танылуы мүмкін
БҰҰ-ның жоғары лауазымды өкілдері Ливияда заңсыз мигранттар орталығындағы 44 адамды мерт қылған әуе шабуылы әскери қылмыс деп танылуы мүмкін екенін мәлімдеді. БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш сейсенбі күні жасалған шабуылды айыптап, тәуелсіз тергеу жүргізуге шақырды.
Триполи маңындағы заңсыз мигранттарға арналған орталыққа шабуылдан қаза тапқандардың көбі — әйел мен бала. 130 адам жараланған. Бомба түскен ғимараттың бөлігінде — 120, көрші бөлмелерде 400-ден астам адам болған.
БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелет пен БҰҰ-ның Ливиядағы миссиясы басшысы Гассан Саламе бұл шабуыл әскери қылмыс болуы мүмкін деп мәлімдеді. Әзірге шабуылды кім жасағаны туралы нақты ақпарат жоқ. Триполи төңірегінде БҰҰ мойындаған Ұлттық келісім үкіметі мен генерал Халифа Хафтарға бағынышты «Ливия ұлттық армиясы» күштері арасында қарулы қақтығыстар тиылмай отыр.
Премьер-министр Фаиз әл-Саррадж басқаратын Ұлттық келісім үкіметі шабуылға Халифа Хафтардың тобын айыптаған. «Ливия ұлттық армиясы» оны терістеген. Кезінде Мәскеуде оқыған Халифа Хафтарды, болжам бойынша, Ресей билігі қолдайды.
БҰҰ-ның Ливиядағы миссиясы мигранттар орталығының дәл қай тұста орналасқаны және онда тек қарапайым азаматтар бар екені туралы қарулы жанжалға қатысушы тараптарды алдын ала хабардар еткенін айтады.
БҰҰ Жерорта теңізі арқылы Еуропаға жету мақсатымен Ливия шекарасынан заңсыз өткен мигранттарды жаппай ұстауға байланысты Ливия үкіметін сынаған. Еуропаға жолға шыққан мигранттардың көбі Ливияның жағалау күзетінің қолына түскен. Ливияда үш мыңнан аса мигранттың өте нашар жағдайда тұрып жатқаны, оларды азаптап, қорлайтыны, мәжбүрлі жұмысқа жегіп, зорлық көрсеткені туралы бұған дейін хабарланған.