Актриса әрі продюсер Дариға Бадықова әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялап, көрермендерден кешірім сұрады. Видеода продюсер мен түсірілім тобы камера алдында иіліп, жұртшылыққа үндеу жасаған, деп хабарлайды kznews.kz.
Бадықова жазбасында: «Тағы бір ауылда 5 актермен 2 локацияда кино түсіріп, миллиард жинауға ниеттенгеніміз үшін DBO Dariga Badykova Production халықтан кешірім сұрады», – деп атап өтті.
Желі қолданушыларының болжамынша, продюсер қазіргі таңда көпшілікке кеңінен танылған «Таптым-ау сені» франшизасының үшінші бөліміне кіріскен болуы мүмкін. Бұл жоба бұған дейін де қазақстандық прокатта коммерциялық тұрғыда ең табысты фильмдердің қатарынан көрінген.
Бадықованың видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыланып, түрлі пікір тудырды. Көптеген көрермен продюсердің кино түсіру тәсілін сынға алудан гөрі, нақты нәтиже ретінде бағалады. Пікір қалдырғандар «мықты нәтиже көрсетіп жүрсе, неге түсірілімді тоқтату керек», «екі миллиардтан аса касса жинайды», «отандық кино дамыса, бәріміз ұтамыз», «халыққа ой салатын жобаларыңыз әрдайым сұраныста» деген қолдау сөздерін жазған.
Айта кетейік, Дариға Бадықованың «Таптым-ау сені» және «Таптым-ау сені 2» фильмдерінің әрқайсысы прокатта 1 миллиард теңгеден астам табыс әкелген. Сонымен қатар биыл көрерменге жол тартқан «Ыстық ұя» драмасы да осы межеден асып, 1 миллиард теңгеден көп касса жинап, жоғары бағаланған.