Сараптама

Жаңа салық кодексі: қарапайым мысалдармен түсіндіреміз

Жаңа салық кодексі: қарапайым мысалдармен түсіндіреміз
Фотоиллюстрация: Kznews.kz

Санаулы күндерден кейін жаңа салық кодексі күшіне енеді. Ұзақ талқыланып, қоғамның көп сынына ұшыраған бұл құжат мемлекеттің салық жүйесін жаңғыртуға бағытталған ірі реформалардың бірі ретінде тарихқа енуі тиіс.

Әуелі Салық кодексінің "кіндік әкесі" саналатын Үкімет бұл қаржы құжатының қабылдануы үшін "қасық қаны қалғанша" тұрысқанын айтуымыз керек. Мүдделі тұлғалар жаңа кодексті «әділетті салық салу», «кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыру» және «бюджет кірісін тұрақтандыру» мақсатымен түсіндіріп отыр. Дегенмен, біз салық жүйесін өзгертудің маңыздылығына басқа қырынан да қарап көруге құқылымыз.

Жалпы, қаржы сарапшыларың айтуынша, бұған дейін қолданылып келген Салық кодексі бүгінгі заманның талабына толық жауап бере алмайтын халде екен. Сан түрлі себеп бар. Көзге көрінетіні: экономиканың көлеңкелі бөлігі сақталып, салықтан жалтару тетіктері күрделене түскен. Бұл мемлекетке әлеуметтік міндеттемелерді орындау үшін салмақ түсіре бастаған. Яғни, бюджет тұрақты қаржы көздерінен алатын қайтарым сомасынан тиісті көлемді жинай алмайтындай жағдайға дейін жеттік. Мұндай жағдайда жаңа кодекс қабылдап, салық базасын кеңейтуге, әкімшілендіруді цифрландыруға және салық жүктемесін қайта бөлуге тура келеді. Демек, жаңа кодекстің қабылдануының астарында тәуекелден бұрын мәжбүрлік тұрған сияқты. Бірақ, бұл әрекетті ертеңнің қамы үшін жасалған қадам деп те бағалау ләзім. Оны енді уақыт көрсетеді.

Ал 2026 жылдың 1-қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексі отандық қаржы жүйесіне қандай өзгеріс әкеледі?

БІРІНШІ, қосылған құн салығы өседі. Жалпы, жаңа кодекстегі ең көп талқыланған өзгеріс те осы, ҚҚС мөлшерлемесінің 12 пайыздан 16 пайызға көтерілуі болыпты. Бұл қадам бюджеттің кірісін арттыруға бағытталғанымен, бағаның өсуіне әсер етуі мүмкін деген алаңдаушылық пікірлер де бар. Сондағы айырма 4 пайыз. Мұның қалтаға әсерін қалай есептеуге болады?

Мысалы, бұрын 10 000 теңгелік тауар үшін 12 пайыз ҚҚС қосылғандағы нақты құн 11 200 теңге болса, енді ол 16 пайыз ҚҚС есептеліп, 11 600 теңгеге бағаналанбақ. Демек, қалтаға түсетін салмақ әр 10 000 теңге үшін 400 теңгеге артады екен. Яғни, айына зат сатып алуға 200 000 теңге жұмсайтын адам үшін бұл шығын енді 8 000 теңгеге көбейгелі тұр.

Дегенмен әлеуметтік маңызы бар салаларға бірқатар жеңілдік қарастырылған. Мәселен, дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге төмендетілген ҚҚС ставкасы кезең-кезеңімен енгізіледі. Бұл – халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғауға арналған тетік.

ЕКІНШІ, жаңа кодекс прогрессивті жеке табыс салығын енгізуді көздейді. Яғни табысы жоғары азаматтар көбірек, табысы төмендер аз салық төлейді. Бұл қағида әлеуметтік әділеттілікке жақын болғанымен, жоғары жалақы алатын мамандар үшін қосымша салмақ болуы мүмкін екен. Мемлекет бұл өзгеріс арқылы табыстар арасындағы алшақтықты азайтуды мақсат етіп отыр.

Түсінікті болу үшін айта кетейік: енді жеке табыс салығы екі өлшемде есептеледі. Бірінші топ бұрынғыдай 10 пайыз, ал екінші топ 15 пайыз. Бұл жердегі қызығы екінші топқа қатысты. Яғни, енді жылдық табысы 8 500 минималды есептік көрсеткіштен асатындардан 15 пайыз салық ұсталады. Ал минималды есептіккөрсеткіштің қазіргі шамасы жылына 33–34 млн теңгеге тең екен. Яғни, ай сайын 3 млн теңге жалақы алатын адам бұрын 300 мың теңге төлесе, енді ол 450 мың теңге болмақ. Демек, орташа жалақы алатын адамдарды прогрессивті жеке табыс салығы еш алаңдатпауға тиіс.

ҮШІНШІ, бұған дейін шектеусіз қолданылып келген арнайы салық режимдері қысқартылып, ол міндет үш негізгі форматқа біріктіріледі. Бұл енді кәсіпкерлерге, оның ішінде шағын және орта бизнес саласына қатысты жаңалық болмақ. Әрине, мұның бәрі салық жүйесін жеңілдету және түсінікті ету үшін жасалған қадам деген пікір бар.

Яғни, жаңа кодекс кәсіпкерді 4 топқа бөліп, олардың әрқайсысына жеке әрі нақты жол ұсынып отыр. Оның біріншісі- өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Олар жеңіл, минималды салық төлейді, бірақ, табысы шекті мөлшерден аспауға тиіс.

Мысалы, енді аз табысты кәсіпкерлер мен жеке қызметкерлердің айлық кірісі 400–450 мың теңгеге дейін болса, салық мөлшері 1–2 пайыз аралығында ұсталады екен. Бұл жағдайда  ҚҚС есептелмейді. Қарапайым мысал: айлық табыс 390 000 теңге болса, сол айдағы тиісінше салық тек 3 900 теңге болмақ. Бұл арнайы режим такси жүргізуші, үйде қызмет көрсетуші немесе фрилансерлер үшін ең тиімді салық жүйесіне айналуы керек.

Екінші топ: жеңілдетілген декларацияға іліккендер. Бұған жылдық айналымы 60 млн теңгеге дейінгі шағын кәсіпкерлер жатады. Салық ставкасы: 4 пайыз. Артықшылығы - ҚҚС есептелмейді. Есесіне әлеуметтік төлемдер аударуға міндетті. Калькуляторға салсақ, айлық табыс 600 000 теңге болса, төленетін таза салық тиісінше 4 пайызды құрап, төлейтін сома 24 000 теңге шығады. Жалпы, әлеуметтік аударымдарды қосқанда, ол жалақы мөлшері мен жұмысшы санына қарай өзгереді, осы режимді қолданатын кәсіпкердің айлық жалпы жүктемесі шамамен 40–45 мың теңге болады.

Үшінші топ: жалпы салық режимін қолданатын стандартты кәсіпкерлер санаты. Бұл топқа жылдық айналымы 60 млн теңгеден асатын кәсіпкерлер немесе ҚҚС төлеушілер кіреді. осы режимге кіреді. Ерекшелігі мынада: 15 пайызға дейін жеке табыс салығын төлейді және 16 пайыз қосымша құн салығы бар. Мұнан бөлек толық есеп жүргізіліп, тиісті декларациялар ай сайын тапсырылады. Айталық, мұндай кәсіпкерлердің айлық табысы 700 000 тг болса, одан ұсталатын ҚҚС - 112 000 теңге, ал ЖТС - 70 000 теңгені құрайды. Демек, ай сайынғы жалпы салық төлемі 182 000 теңге болмақ. 

Сондай-ақ, жаңа салық заңнамасында ауыл шаруашылығымен айналысатын фермерлерге қолайлы жағдай жасалған. Оларға 3 пайыз жеңілдік бар. ҚҚС есептелмейді. Мысалы, фермердің жылдық табысы 10 000 000 теңге болса, төлейтін салығы тек 300 000 теңге шығады. Бұл режим ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтіндер үшін жеңіл және тиімді болмақ.

Сонымен қатар, жаңа заңнамаға сәйкес салық есептілігі автоматтандырылады, көптеген декларациялар электронды түрде, тіпті салық төлеушінің қатысуынсыз қалыптастырылатын болады. Бұл адал кәсіпкерлер үшін қолайлы, ал бейресми айналыммен жұмыс істейтіндер үшін бақылауды күшейтеді.

ЖАЛПЫ, жаңа Салық кодексін тек экономикалық заң емес, әлеуметтік мәні бар құжат деп ұғуымыз керек. Ол халықтың күнделікті тұрмысына, бағаға, бизнеске, тіпті еңбек қатынастарына әсер етеді. Сондықтан оның тиімділігі тек заң мәтінімен емес, іс жүзіндегі орындалуымен өлшенеді.

ҚОҒАМ үшін ең маңыздысы – салық ауыртпалығының әділ бөлінуі және жиналған қаражаттың нақты әлеуметтік игілікке жұмсалуы болуға тиіс.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz