Саясат

Назарбаевтар мен Мәсімов әулетіне жақын кәсіпкер қамауға алынды

Torgyn Abushakhman Torgyn Abushakhman
Назарбаевтар мен Мәсімов әулетіне жақын кәсіпкер қамауға алынды

Назарбаевтар мен Кәрім Мәсімов әулетіне қатысы бар кәсіпкер Сергей Ким ірі көлемдегі мүлікті жымқыру дерегі бойынша қамауға алынды. Бұл туралы kznews.kz Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметіне сілтеме жасап хабарлады.

Агенттік мәліметінше, «Qarmet» компаниясының құқықтық мирасқоры саналатын «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамынан ірі көлемде қаражат жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Осы іске байланысты «АлбаСтройДор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сергей Ким күдікті ретінде ұсталды.

Тергеу деректеріне сәйкес, 2015 жылы металлургиялық комбинат пен «АлбаСтройДор» ЖШС арасында келісімшарт жасалған. Алайда Сергей Ким өндірістік нысандарға еркін қолжетімділігін пайдаланып, зауыт аумағынан домна қоспасы мен кесек шойынды заңсыз шығару схемасын ұйымдастырған.

Бұл схемаға «Күзет» атты күзет ұйымының қызметкерлері тартылып, жүк көліктерінің бақылаусыз өтуіне жағдай жасаған. Ұрланған мүлікті заңдастыру үшін кәсіпкер өзінің бақылауындағы «ГлобалСпецТорг» және «ЦентрОптСнаб» компанияларын пайдаланған.

Нәтижесінде жалпы салмағы 31 мың тоннадан асатын, құны 1,8 млрд теңгеден жоғары өнім қолды болған. Қазіргі таңда Сергей Ким 2 ай мерзімге қамауға алынды.

Сергей Ким көп жылдар бойы көпшілік назарынан тыс қалып келген тұлға ретінде сипатталады. Ашық дереккөздерде оның ықпалды әулеттермен тығыз байланыста болғаны айтылады.

Атап айтқанда, «АлбаСтройДор» компаниясының құрылтай құжаттарында ұзақ уақыт бойы ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің туған ағасы — Мырзахан Мәсімов Қасымұлының есімі тіркелген. Тергеу болжамына сәйкес, дәл осы қамқорлық Сергей Кимге металлургиялық комбинат ресурстарына кең қолжетімділік берген.

Сонымен қатар кәсіпкердің Назарбаевтар әулетімен де іскерлік байланысы болғаны көрсетіледі. Ол 2015–2017 жылдары Алматыдағы «Кенжехан» базарына иелік еткен Тұңғыш президенттің қарындасы Әнипа Назарбаеваның жақындарымен серіктес болған.

Металл қалдықтарымен жұмыс істеу үшін құрылған «Grand Smithy Works Kazakhstan» компаниясының құрылтайшылары қатарында Сергей Ким мен Әнипа Назарбаеваның қызы Эльмира Жылқыбаева болғаны тіркелген. Сондай-ақ Ким Әнипаның күйеу баласы Азамат Жылқыбаевпен де жақын қарым-қатынаста болғаны айтылады.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтар әулетінің ықпалы әлсіреген тұста активтерді қайта рәсімдеу әрекеттері байқалған. Бұған дейін Әнипа Назарбаеваға тиесілі болған «Кенжехан» базары кейін «Митра» серіктестігіне өткен.

2023 жылдың қыркүйегінен бастап бұл компанияның иесі ретінде Татьяна Манушина тіркелген. Ол Сергей Кимнің екінші әйелі екені айтылады. Кейінірек актив кәсіпкердің енесі Александра Манушинаның атына рәсімделген.

Сондай-ақ 2024 жылы Сергей Кимге қатысты 11 жалған компания бары жөнінде ақпарат тараған.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz