Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинмен кездесу өткізді, деп хабарлайды kznews.kz.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан үшін Ресеймен стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынастардың айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, жыл соңында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын Санкт-Петербургтегі кездесулер екіжақты және көпжақты өзара іс-қимылды нақтылауға мүмкіндік береді.
– Жаңа жыл қарсаңында дәстүрге айналған Петербургтегі кездесуіміз мазмұнды өтті. Біз ЕАЭО қызметіне қатысты бірқатар мәселені қарастырып, шешімдер қабылдадық. ТМД форматы аясындағы ықпалдастықтың аса маңызды, өзекті мәселелері талқыланды. ТМД – беделді әрі заман талабына сай халықаралық ұйым. Биыл өзара ынтымақтастығымыз табысты болғаны сөзсіз. Екіжақты қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. 12 қарашада Ресейге жасаған мемлекеттік сапарым өте нәтижелі өтті. Сол сапар барысында қонақжайлық танытқаныңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Қазақстан Ресеймен стратегиялық серіктестік және одақтастық байланыстарға ерекше мән береді. Біз Қазақстан мен Ресей азаматтарының күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қатысты мәселелерде бірге әрекет етуіміз қажет. Ынтымақтастығымыз бен стратегиялық серіктестігімізді нығайтуға бағытталған ортақ жұмысымыз қос халықтың түпкі мүддесіне сай келеді. – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Владимир Путин Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара ықпалдастықты дамыту үшін арнайы кездесудің маңыздылығын атап өтті.
– Соңғы күндері бірқатар жұмыс атқардық. Бейресми кездесу барысында ҰҚШҰ мен ТМД аясындағы қызметті, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйін талқыладық. Дегенмен Сізбен Қазақстан мен Ресей арасындағы басым бағыттарды жеке қарастыруға мүмкіндік туғанына қуаныштымын. Қазіргі таңда барлық салада оң серпін бар деп ойлаймын. Екі ел арасында шешілмеген немесе түйткілді мәселелер жоқ, – деді Ресей президенті.