Сарапшы пікірі

25 жасқа дейін миллионер болуға болады - Тимур Бектұр

25 жасқа дейін миллионер болуға болады - Тимур Бектұр
Әлеуметтік желідегі парақшасынан

Қазақстандық ІТ маманы Тимур Бектұр әлеуметтік желідегі жазбасында жастардың технологияны меңгеруге деген енжарлығын сынға алып, ІТ саласындағы шексіз мүмкіндіктерді нақты мысалдармен көрсетті, деп хабарлайды kznews.kz.

Тимур Бектұрдың пікірінше, бүгінгі заманда табыс табудың жаңа жолдарын игеру тек ынта мен үйренуге деген ниетке байланысты.

«Жастар жұмыс жоқ, ақша жоқ дейді. Бірақ технологияны үйрен, ІТ саласын үйрен, жасанды интеллекті үйрен десе, қисайып қалады. Неге? Білмедім», – дейді Тимур Бектұр.

Маманның айтуынша, ІТ саласында табыс табудың екі жолы бар: экожүйе қалыптастыру немесе аудитория жинау. Экожүйе жасау көп уақытты талап етеді, алайда өзін міндетті түрде ақтайды. Ал аудитория құру – жеңілдеу әрі бүгінде жастар көп уақытын өткізетін әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асады.

«Айталық, YouTube арна ашу, Telegram канал жүргізу, TikTok ашу – бәрі аудитория қалыптастырудың жолы. Мың ғана оқырманы бар, ештеңеге тұрмайтын арнамның өзінен Яндекс жарнамасы арқылы айына $100 табуға болады. Кемінде», – дейді ол.

Автор Perplexity компаниясының жаңа Comet браузеріне қатысты науқаннан да пайда тапқанын айтады. Қарапайым сілтеме тарату арқылы айтарлықтай бонус иеленуге болатынын меңзеді.

«50 шақты адам ғана осы мүмкіндікті пайдаланып үлгерді. Енді оларда бір жыл бойы Perplexity Pro тегін, ал менде – $100 бар. Ештеңе істемей, ауадан ақша жасау деген осы.Дамыған елдердің блоггерлері жаңа технологияларды насихаттау арқылы айына $10.000-нан $100.000-ға дейін табады. Міне, ақша қайда жатыр», – дейді ол.

Тимур Бектұр ата-аналарға да үндеу жасайды. Оның ойынша, балаларды «жаман заман», «жұмыс жоқ» деген түсінікпен тәрбиелеу – олардың болашағына балта шабумен бірдей.

«Қазіргі жастар 25-ке жетпей миллионер, 30-ға жетпей миллиардер болатын заман», – дейді ол.

Маманның айтуынша, ІТ саласындағы мүмкіндіктерді көре тұра пайдаланбайтындар көп. Ал әлемдік трендтерге ілескен жастар үшін ақша табудың жолы бұрынғыдан да оңай.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz