Жаңалықтар

"Бүгін Асекеңнің жетісін бердік": Асанәлі Әшімовтың қайтыс болғанына бір апта өтті (ФОТО)

Қайсар Қанат Қайсар Қанат
"Бүгін Асекеңнің жетісін бердік": Асанәлі Әшімовтың қайтыс болғанына бір апта өтті (ФОТО)
ашық дереккөзден

Елге танымал актер Нартай Сауданбекұлы желідегі парақшасында жаңа жазба жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.

Актер биыл қазақ руханиятындағы бірқатар танымал тұлғалардың өмірден өткенін еске алып, өз өкінішін білдірді. 

"Асекеңнің бүгін жетісін бердік. Құран оқып артынан марқұмдар тізімін оқып отырып қазақ руханиятының бір керегесі түгел құлап қалғандай сезіндім. Мұхтар Мағауин, Дұлат Исабеов, Әкім ата, Сейіт Қасқабасов, Темірхан Медетбек, Мекемтас ата, Талғат ғарышкер, Диас журналист, Рымкеш апа, Күләш Ахметова, Ғалым Доскен, Мақсат Тәж-Мұрат, суретші Ағымсалы аға, бірге бильярд ойнап жүрген Мұхтар Түменбай, Исраил Сапарбай, Қайрат Кемалов көке, Болат Бопай, Дариға Тілендиева, тақиялы періште Сакко ағамыз... Енді қайта туылмайтын тұлғалар десе де болатындай. Атың өшкір ковид кіргелі жанымызға жақын талай жандардан айырылып қаппыз. Дархан аға, Сағат, Тұрсын, Роза Әшірбекова... Және ең қорқыныштысы бұл тізім ұлғаймаса кемімейтіндігі. Оған дәлел балалығымздың бір бөлшегі болған Нұрлан аға Сегізбаевтың қазасын естіп құлазып өтырмыз.

Жалғанның аты ғана емес заты да өзіне сай екенін, ертең бәріміз бір төмпешік екенімізді жан-тәнімізбен сезінсек бәлкім өкпе-реніш, болмашы түсінбестіктер болмас па еді. Болған күннің өзінде сол сәтте кешісіп, арылып, бақұлдасып қалар ма едік кім білсін. 25 жылды осылай жауып жатырмыз. Алла қолдап 26 берекесімен, жақсылығымен келсе екен деп тілейік. Қаза болмай тұрмайды өмір болғасын. Тек сол орнымен болғай. Ақсасақ та алдыдан ақсайық. Аман болыңыздар", – деп жазды Нартай Сауданбекұлы.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz