2000-жылдардың басында Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-тың сол кездегі басшысы Джордж Бушпен әңгіме барысында Ресейдің тарихи жерлерін «өз еркімен беріп қойғанын» мәлімдеп, Украина, Қазақстан және Кавказды мысалға келтірген, деп хабарлайды kznews.kz.
«Ресейліктер мыңдаған шаршы шақырым аумақтан өз еркімен бас тартты. Ғасырлар бойы Ресейдің жері болған Украинаны берді. Қазақстанды берді. Кавказды да. Мұндай шешімдерді партия басшылары қабылдады», – деген Путин Бушқа.
Бұл мәліметтер АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік архиві «Ақпарат еркіндігі туралы заң» аясында жариялаған құжаттарда келтірілген. Архивте 2001–2008 жылдары Путин мен Буш арасында өткен үш кездесу мен бейресми телефон әңгімелерінің стенограммалары бар. Аталған кезеңнің алғашқы жылдарында екі ел арасындағы қарым-қатынас салыстырмалы түрде жылы болса, кейін ол біртіндеп нашарлаған.
Жарияланған материалдарда 2001 жылы Путин мен Буштың Словения астанасы Братиславада өткен алғашқы кездесуі де қамтылған. Украина мен Қазақстан туралы сөз осы жүздесуде айтылған.
Сол кезде Путин Украинаның НАТО-ға қосылуына Ресей ешқашан жол бермейтінін мәлімдеп, бұл елді «жасанды мемлекет» деп атаған. Сонымен қатар, ол Ресейдің өзін НАТО-ға мүшелікке қабылдауға болатынын да меңзеген.
Өз кезегінде Джордж Буш Ресейдің Шешенстандағы әрекеттерін қолдамайтынын жеткізіп, Мәскеудің Солтүстік Корея мен Иранмен байланысына алаңдаушылық білдірген. Ол НАТО-ның кеңеюі аймақта тұрақтылық орнатады деп есептейтінін айтып, бірнеше мәрте «АҚШ Ресейдің қуатты мемлекет болғанын қалайды» және «Ресей – Батыстың бір бөлігі» екенін атап өткен.
Буш Путинге заң үстемдігі, кәсіпкерлік пен сөз бостандығы Батыс құндылықтарының негізі екенін ескертіп, Ресейдегі сөз еркіндігінің шектелу себептерін сұраған. Путин болса, қырғи-қабақ соғыс кезінде де АҚШ-ты жау санамағанын, тіпті Ресейдің НАТО-ға қосылып, АҚШ-тың одақтасына айналуын елестете алғанын айтқан. Ал сөз еркіндігіне қатысты ол «мемлекет олигархтармен күресіп жатыр» деп жауап берген.
2005 жылы Ақ үйде өткен тағы бір кездесуде тараптар негізінен Солтүстік Корея мен Иранның ядролық бағдарламаларын талқылаған. Бұл мәселеде Путин мен Буштың ұстанымдары бір-біріне жақын болған. Путин Солтүстік Кореяны ашық сынап, тіпті оққағарлары Пхеньянға барғаннан кейін өзі ол елге барудан бас тартқанын айтқан.
Путиннің пікірінше, Солтүстік Корея халқы өз болашағын ойлай бастауы үшін уақыт пен төзім қажет. Ол кезінде өзі де коммунистік партияның мүшесі болып, сол идея үшін «өлуге дайын» болғанын, алайда көзқарасын өзгертуге ұзақ уақыт кеткенін де мойындаған.
Айта кетейік, Путин кейінгі жылдары да Ресейдің көрші елдерге «тарихи жерлерін сыйға бергенін» бірнеше рет мәлімдеген. Ол Украинаны «ешқашан дербес мемлекет болмаған» деп атап, орыстарды, украиндар мен белорустарды «бір халық» деп атаған. Сондай-ақ «Ресейдің тарихи жерлері кеткен елдер» қатарында Қазақстанды да атап, бір сөзінде «қазақтарда ешқашан мемлекет болмаған» деген мәлімдеме жасаған. Мұндай пікірлер Ресей парламентіндегі жекелеген депутаттардың сөздерімен қоса, Қазақстан қоғамында кең наразылық тудырған.