Жаңалықтар

"Жаратқанға не жаздым деп жылаған едім": Асанәлі Әшімовке кімнің қарғысы тиді?

Қайсар Қанат Қайсар Қанат
"Жаратқанға не жаздым деп жылаған едім": Асанәлі Әшімовке кімнің қарғысы тиді?
ашық дереккөзден

Қазақ киносының жауһары саналатын "Қыз Жібек" фильмі жайлы "қарғыс атқан" деген әңгімеге сену қиын. Алайда бұл туынды Асанәлі Әшімовтің өнер жолын асқақтатумен қатар, өмірінде ауыр сәттердің де болуына себеп болған, деп жазады kznews.kz.

Бекежанның рөлі Асанәлі Әшімовті кино әлемінде бірден танытты. Дегенмен дәл осы кейіпкер актердің тағдырына кері әсер еткен жағдайлар да болған. Фильм жарыққа шыққан жылдардың бірінде "Қыз Жібек" фильмінде басты рөлдерді сомдаған актерлер Оңтүстіктегі Созақ өңіріне халықпен кездесуге барады. Кездесу барысында ат үстінде ойқастап жүрген Бекежан бейнесіндегі Асанәлі Әшімовті көрген кейбір егде жастағы әйелдер оның рөлін шындықпен шатастырып, ашуға берілген.

"Ойбай, мына қанішер, жексұрын жауыз әлі тірі ме еді?" – деп айқайлап, қарғыс айтып, қолдарына түскен кесек тастарды актерге қарай лақтыра бастаған.

Ол сәтте ауылдың ақсақалдары мен сыйлы адамдары араша түсіп, жалынып-жалбарынып жүріп, кейуаналарды әрең тоқтатқан. Бұл оқиға Асанәлі Әшімовтің кейіпкерге шынайы еніп, көрермен санасына қаншалықты әсер еткенінің айқын дәлелі еді. Кейін бұл сәтті өнер иесі өзі де естелік ретінде айтып, Бекежан бейнесінің халыққа қандай күшті эмоция сыйлағанын, сонымен қатар актер үшін қандай ауыр сынақ болғанын еске алған.

"Осы Қодар мен Бекежан секілді қандықол жандар әрекеттері көпшілікке онша ұнай бермейтіні анық. Актер болған соң, беріліп ойнамасаң тағы болмайды. Қозы мен Төлегенді өлтірер әлгі жауыздардың жан әлеміне сіңіп кеткендей хал кешесіз. Театрда отырғанын, сахнада рөл ойнаушы артистер жүргенін сезсе-дағы, көрермен қауым оларға ызаланады, ашуланады. Тіпті, жағымсыз кейіпкерлердің оспадарсыз істеріне іштей қарғыс та айтары – табиғи құбылыс. Ана жылдары қос құлыным Мәди мен Сағи бірінің соңынан бірі өмірден мезгілсіз озғанда, тіпті, қаудырап қалғандай болдым. Алғашқы жан жарым Майраның қайғысынан сәл арылып келе жатқанда, қос арысымның өлімі жандүниемді қаусатып кеткендей болды. Одан қолымнан жетелеп жүріп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген анам байғұс та көз жұмды. Сол тұстардағы ішкі қайғы-мұңым бес батпан еді. Жалғызсырап, Жаратқанға не жаздым деп, жылаған кездерім де болған. Жазықсыз жандарды қан қақсатқан Қодар мен Бекежан зұлым қайта-қайта есіме түсті. Сахнада болсын, экранда болсын, кісі өлтірген қаныпезерлерге кім алғыс айта қойсын?! Эмоциялық, психологиялық ет қызуымен көрерменнің қарғап-сілеп жіберері де шындық. Сенбейін десеңіз, мистикалық, мифтік дүниелерде шындық барын өмір мысалдары дәлелдеп-ақ келеді. Қос құлынымның орны толмас қайғысы әртүрлі ойларға жетелегені рас", – деген еді Асанәлі Әшімов.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz