Ақорда ЕО өкілі Могериниді «Достық» орденімен марапаттады
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропа одағының ішкі саясат бойынша өкілі Федерика Могериниді бірінші дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Тоқаевтың жарлығы 2 шілдеде Ақорда сайтында жарияланды.
Қазақстан билігі Могериниге бұл орденді «Қазақстан мен Еуропа одағы арасындағы қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесі үшін берген».
46 жастағы Могерини 2014 жылдан бері Еуропа одағы сыртқы істер және қауіпсіздік бойынша өкілі қызметін атқарады. Сондай-ақ Еуропа комиссиясы төрағасының орынбасары.
2015 жылы желтоқсанда Қазақстан билігі және Еуропа одағы екі тараптың қарым-қатынасын кеңейту туралы жаңа келісімге қол қойған. Экономика, сауда сынды 29 сала бойынша серіктестік шарттары енген құжатқа Қазақстанның сол кездегі сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен Могерини қол қойған.
Сарапшылар бұл келісімді Еуропа одағының Украина, Грузия және Молдовамен қол қойған келісімшартынан әлдеқайда әлсіз деп бағалаған.
Қазақстан билігі «Достық» орденімен Еуропа комиссиясының бұрынғы төрағасы Жозе Мануэль Барроза марапаттаған. Баррозаға марапатты 2015 жылы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев табыстаған.
Қазақстанды 30 жылдай басқарған Назарбаев биыл 19 наурызда президенттік өкілетін тоқтатқан. Қазір ол – билік партиясы «Нұр Отанның» төрағасы және Қауіпсіздік кеңесінің басшысы. Назарбаевтың «Ұлт көшбасшысы» және «Елбасы» деген статусы бар. Қазақстан заңына сай, Назарбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалмайды.
Назарбаев президенттіктен кеткен соң орнына 66 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаевты қойған. Тоқаев 9 маусымда өткен президент сайлауында 70 пайыздан артық дауыс жинап жеңіске жетті. Сайлау күні халық билікке қарсы наразылыққа шығып, полиция мыңдаған адамды ұстаған. Халықаралық ұйымдар сайлау күнгі полицияның әрекетін заңсыз деп сынады. Қазақстан орталық сайлау комиссиясы халықтың наразылығына қарамастан сайлау нәтижесін заңды деп тауып, 12 маусымда Тоқаев ант етіп, қызметіне кірісті.
Биыл мамырда Еурокомиссия Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасты дамытудың жаңа стратегиясын қабылдаған. Құжатта адам құқықтары мен азаматтық қоғамды қолдау жайлы да сөз болған.