Жапонияда «Үлкен жиырмалықтың» саммиті басталды
Бүгін, 20 маусымда Жапонияның Осака қаласында «Үлкен жиырмалықтың» (G20) саммиті басталды. Жиын екі күнге созылады. Саммитке АҚШ, Ресей, Франция, Қытай, Үндістан, Жапония мен Мексика сияқты елдердің өкілдері қатысады.
Саммиттің алғашқы күні, 28 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин кездесуі өтуі керек.
Ресей президентінің өкілі екі тарап «стратегиялық тұрақтылық пен аумақтағы конфликтілерді талқылайды» деп мәлімдеген. «Украина, Сирия, Корей түбегі, Ауғанстан мен Венесуэладағы жағдай, сондай-ақ «Иранның ядролық бағдарламасы талқыланады» деген Кремль өкілі. Ақ үй «Трамп пен Путиннің кездесуі — Осакада өтеді деп жоспарланған жеке кездесулердің бірі» деп мәлімдеген.
Былтыр жыл соңында Буэнос-Айресте болған «Үлкен жиырмалық» саммитінде алдын ала айтылғанына қарамастан, АҚШ пен Ресей президенттерінің кездесуі өтпей қалған. Оған аннексияланған Қырым жағалауында ресейлік шекарашыларының 24 украин теңізшісін тұтқынға алуы себеп болған. Украиналық теңізшілер Ресейде әлі қамауда отыр.
Трамп пен Путиннің алғашқы кездесуі 2018 жылы шілдеде Хельсинкиде өткен. Қос тарап та келіссөз жақсы өтті деп мәлімдеген. 2018 жылдың қарашасында екі лидер Бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына жүз жыл толғанына орай Парижде өткен шара кезінде қысқа сөйлескен.