Балалардың қант диабеті көбейген
Аутоиммунды аурулардың қатарына жататын қант диабетіне шалдыққан балалардың қатары ДДҰ сарапшылары айтқандай, елімізде де азаймай отыр. Жалпы бұл кеселдің туу себептерін зерттегенде бірнеше фактор әсер ететінін байқауға болады. Дәрігерлердің айтуынша, алғашқысы, тұқымқуалаушылық болса, енді бірі сәби шақтағы аурушаңдығы, инфекциялық ауруларды жиі жұқтырып, әлсіреген баланың ауруға қарсы тұрар иммунитеті әлсіреуінен ұйқы безінің жұмысы дағдарып, инсулин бөлінуінің біраздан соң тоқтап қалуы себеп. Ал үшіншісі, экологияның кері әсері көрінеді.
Аурудың белгілері байқалғанда бала қайта-қайта шөлдеп, ауызы құрғап, түнде зәрі тоқтамай, кіші дәретінде қант мөлшері артып, тамаққа тәбеті де күрт өседі. Егер бала туғаннан осы аурумен ауырса жөргегі крахмалданғандай қаудырлап тұрады екен. Сонымен қатар қант диабетімен ауыратын балалардың терісінде сыздауықтың шығуы, терінің қышынуы және тез қажалып қалуы да ата-ананы алаңдатуы тиіс. Мамандар қант диабеті созылмалы ауру түріне жатқанымен, дұрыс тамақтанып, режім сақтаса соншалықты қауіпті еместігін айтады. Жастайынан осы дертке шалдыққанымен әлемдік дәрежеде жетістікке жеткен тұлғалардың өмірі бұған жақсы дәлел бола алады. Мәселен, Сильвестер Сталлоне, Шэрон Стоун, Сальма Хайек, Эльвис Преслиге қант диабеті әлемге танылу жолында еш кедергі болған жоқ. Диабетпен ауырған адам мүгедек емес, керісінше бұл оның өмір сүру салтына айналады.
– Аутоиммунды жүйенің бұзылуы себеп болатын бұл аурудан толық айығу мүмкін емес. Бірақ өзге қоғам мүшелеріндей толыққанды өмір сүру үшін асқынулардың алдын алып отыру жеткілікті, дейді «University Medical Center» корпоративтік қорының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының эндокринолог дәрігері Құралай Шұғайыпова. – Қант диабеті ұялатындай, қысылатындай ауру емес. Оның өзі бірнеше типке бөлінеді. Мысалы, бірінші типте баланың күтімі болып, диета сақталып, режім қадағаланса болды. Шетелде диабеттің қай түрінен де қорықпайды. Өйткені пациенттер тіршілік ету қалыбын осы ауруға бейімдейді де 100 жасқа дейін өмір сүреді. Екінші түрімен үлкен адамдар ауырады. Бұл зат алмасу процесінің бұзылуынан болатындықтан, олардың емінде тек инсулин емес, қосымша дәрі-дәрмектер қолданылады. Үлкендердегі диабеттің айырмашылығы, инсулиннің ағзада көп бөлінуінде. Ал балаларда инсулин мүлде түзілмегендіктен пациенттер инсулинді сырттан алады.
Балалардың қант диабетімен ауруында әлем бойынша қазіргі емдеу түрі ағзаны инсулинмен сырттан қамтамасыз ету болса, бүгінде оны берудің жаңа түрі қолданылуда. Бірінші классикалық түрі, шприц-қаламмен егу болса, екіншісі, елімізде 2008 жылдан бері пайдаланылып жүрген инсулинді помпаны пайдалану. Бір айға қажетті қолдануының өзіне 80-90 мың теңге қажет бұл помпа 18 жасқа дейінгі балаларға тегін, мемлекет есебінен беріліп келеді. Жалпы қант диабетімен ауыратын бала инсулин қабылдаудың осы екі жолын да білуге тиіс.
Ал екеуінің айырмашылығы қандай? Мамандар түсіндіргендей, шприц-қаламмен инсулин салынғанда ең аз мөлшер дегенде 0,5, яғни ағзаға жарты бірлік енгізілсе, ал помпа бірліктің 0,25 көлемінде, ширегін ғана жіберуі арқылы бала ағзасына артық инсулин бармай, қажетті мөлшері ғана түседі.
Эндокринологтармен әңгімеде қаныққан бір жайт, бұл жасөспірімдерге қатысты ем түрі. Кішкентайынан режім сақтап, тамақ ішуді де, физикалық күш түсуді де (жүгіру, секіру, биге, дене шынықтыру сабағына қатысу) ата-анасы қадағалап, инсулинді қажетіне қарай есептеп енгізіп отырса, жасөспірімдік шаққа жетіп, бойында гормоналды өзгерістер жүрген уақытта, «мен есейдім, енді не ішемін, қандай спортпен шұғылданамын, қалай жүріп-тұрамын, бәрін өзім шешемін» деп қарсылық танытады екен. Осы кездері жасөспірімдердің анализдері бұзылып, ауру асқынуға бет алады. Шетелде жасөспірімдердің осы қалыптасу кезеңінде дәрігер мен ата-анаға арнайы маманданған медик-психологтар көмекке келеді. Сондай-ақ шетелдіктердің тағы бір оң тәжірибесі, бала диабетпен ауырған жағдайда мамандар үштігінің көмекке келуінің әбден қалыптасуы дер едік. Олар – жоғарыда аталған медик-психолог, диетолог және эндокринолог мамандар. Елімізде мұның барлығы бір эндокринолог дәрігердің мойнына артылып отыр.
Дүниежүзілік диабетпен күрес күніне орай, «University Medical Center» корпоративтік қорының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында ашық есік күні өтті. Айта кету керек, орталықтың соматикалық бөлімінде жыл сайын 700 бала емделіп шығатын болса, соның 70-80 пайызы қант диабеті ауруын өміріне серік еткен балалар мен жасөспірімдер екен. Осы көрсеткіштің өзі біраз ойландырады емес пе?..
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»