Нұр-Сұлтан полициясы Азаттық тілшісі Сәния Тойкенді екінші рет ұстады

0

9 маусым кешкісін Нұр-Сұлтанда полиция Азаттық тілшісі Сәния Тойкенді екінші рет ұстады. Полиция Азаттық тілшісі мен ондаған адамды қаладағы Есіл аудандық полиция бөлімшесіне апарған. Тілші қазір полиция бөлімшесінде отыр.

Сәния Тойкен полиция адамдарды күштеп автобусқа салып, бөлімшеге апарғанына куә болды. Азаттық тілшісі полицияның бір әйелге күш қолданғанын көрген. Куәгерлердің айтуынша, полиция ол әйелді итеріп, еденге құлатқан.

Сәния Тойкен Азаттық редакциясымен хабарласқан сәтте тұтқаның ар жағынан әйелдің қиналып, жылап жатқан дауысы естілді. Өзін Кәмшат Сапарова деп таныстырған әйел Азаттық тілшісіне күйеуімен екі бала тәрбиелеп отырғанын, наразылық шарасына қатыспағанын, тек сырттан бақылап тұрғанын айттыү

9 маусым түс ауа Нұр-Сұлтанда «Жастар» сарайы маңында полиция сайлауға мен қарсы шыққандарды ұстап әкетті. Олардың арасында Азаттық тілшісі Сәния Тойкен де болған. Полиция кейін Азаттық журналисін босатқан еді.

9 маусымда Қазақстанда президент сайлауы өтті. Осы күні полиция Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте жүзден астам адамды ұстады. Елде бір-екі сағат интернет жұмысында ақау байқалды.

Azattyq