Қаржы

"Үш ай қатарынан 100 адамнан аударым": қазақстандықтарға мобильді аударымдар бойынша ескерту жасалды

Жарқын Омаров Жарқын Омаров
"Үш ай қатарынан 100 адамнан аударым": қазақстандықтарға мобильді аударымдар бойынша ескерту жасалды
Фото: pixabay.com

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мобильді аударымдарға қатысты енгізіліп жатқан жаңа талаптар жөніндемтағы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды kznews.kz.

Мәжіліс кулуарында одан соңғы үш айда әртүрлі адамдардан 1 020 000 теңгеден астам қаражат алған қазақстандықтарды қандай шаралар күтіп тұрғаны сұралды.

Оның айтуынша, мұндай жағдайда азаматтарға бірден айыппұл салынбайды. Алдымен уәкілетті органдар хабарлама жолдап, қаражаттың мән-жайын түсіндіруді сұрайды. Хабарламадан кейін кейбір азаматтар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуді өз еркімен таңдауы мүмкін. Егер ешқандай жауап болмаса, салық органдары тексеріс бастау құқығына ие. Тексеру барысында барлық қажетті құжаттар жиналып, салық сомасы есептеледі. Ал белгіленген төлем орындалмаған жағдайда материалдар сот орындаушыларына жолданады.

Сонымен қатар вице-министр мобильді аударымдар туыстардан түскен жағдайда ешқандай жауапкершілік қарастырылмайтынын атап өтті.

Оның сөзінше, бауырлар, әпке-қарындастар немесе басқа жақын туыстар жасаған аударымдар үшін азаматтарға ешқандай шара қолданылмайды.

Айта кетейік, алдағы апталарда Қазақстанда мобильді аударымдарды бақылаудың жаңартылған талаптары күшіне енеді. Бұған дейін Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті күдік туындаған жағдайда жеке тұлғаларға қатысты салықтық тексеріс жүргізілуі мүмкін екенін хабарлаған болатын.

Салық органдары жеке тұлғаны тексеруі мүмкін, егер келесі үш шарттың барлығы қатар орындалса:

үш ай бойы қатарынан 100 немесе одан да көп әртүрлі адамнан ақша аударымдары түсуі;

аударымдар үздіксіз үш ай ішінде жасалуы;

түскен қаражаттың жалпы сомасы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен (1 020 000 теңге) асуы.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz