Димаш Құдайберген мен Ержан Максим Мәскеуде қызыл кілеммен жүріп өтті
Димаш Құдайберген Муз-ТВ жүлдесінің арнайы қонағы болды
НҰР-СҰЛТАН, 8 маусым – Sputnik. Қазақстандық жас әншілер Димаш Құдайберген мен Ержан Максим Мәскеуде өткен Муз-ТВ жүлдесінің салтанатында қызыл кілеммен жүріп өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Муз-ТВ телеарнасының бас директоры Арман Давлетьяров инстаграмдағы парақшасында Димаш және Ержанмен түскен суреттерін жариялады.
«Қызыл кілемді жүлденің арнайы қонағы Димаш Құдайберген ашты», — деп жазды ол.
Желіде Мәскеудегі фанаттарының Димаш Құдайбергенді ыстық ықыласпен қарсы алғаны түсірілген видео тарады.
Димаш бірінші кезекте өз тыңдармандарына жақындап, қолтаңба берген. Осыдан кейін тележүргізуші Максим Галкиннің сұрақтарына жауап берді. Қазақстандық әнші жүлдені тамашалап отырған көрермендермен қазақ тілінде амандасты.
Галкин Димаш Құдайбергеннен дайындыққа қанша уақытын жұмсайтынын сұрады.
«Ең алдымен, мені шақырғаны үшін ұйымдастырушыларға шын жүректен алғыс айтамын. Сіздерге шуақты Қазақстанның сәлемін ала келдім. Дайындыққа қатысты жауап беруге аздап қиналып тұрмын, өйткені әр кезде әрқалай. Орта есеппен, бір-екі сағат», — деді ол.
Бұған қоса Галкин жас әншіден халықаралық байқауларда жеңіске жету үшін не істеу керектігін сұрады.
«Ең бастысы – музыканы, көрермендерді және өз ісіңді жақсы көру», — деді Құдайберген.
sputniknews.kz