Алматыда «ҚДТ»-ға қатысы бар деп күдікке ілінген тағы екі әйелді үйқамаққа алды

0

Алматы қалалық тергеу соты 1 маусым кешке жалғызбасты ана Жазира Демеуова және Гүлзипа Жәукероваға бұлтартпас шарасын қолдану бойынша шешім шығарды. Сот «елде тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты» деп күдікке ілінген екі әйелді екі айға үйқамаққа алды.

Сенбі, 1 маусымда түстен кейін сот дәл осындай күдікке ілінген көп балалы ана Оксана Шевчукке де осындай шешім шығарған еді. 48 жастағы Жазира Демеуова және 51 жастағы Гүлзипа Жәукерованың құқығын адвокат Гүлнар Жуаспаева қорғады. Демеуованың ісін — судья Алма Әбдіхалықова, ал Жәукерованың ісін судья Сырым Жақсылықов қарады.

Адвокат Гүлнар Жуаспаева соттан Демеуованың қамқорлығында кәмелетке толмаған бірнеше бала (өз баласы және немерелері) болғандықтан үйқамақтан басқа жаза қолдануды сұрады. Егер бұрын Демеуова интернет арқылы үйден істеп, қаржы тапса, тінту кезінде ноутбугін алып алғандықтан жалғызбасты ана қиындық көріп отырғанын айтты.

Гүлзипа Жәукерованың екі баласы бар. 18 жастағы үлкені колледжде оқиды, кішісі — 9 жаста. Жуаспаеваның айтуынша, денсаулығына байланысты кішісіне ерекше күтім керек. Жәукерова сотта пәтер жалдап тұратынын, жалға алу мерзімі 6 маусымда аяқталатынын айтты. Сотта ол осыдан кейін лайықты пәтер табылса да, оны жалдауға шамасы жетпейтінін жеткізді.

Адвокат Гүлнар Жуаспаева (сол жақта) және Гүлзипа Жәукерова. Алматы, 1 маусым 2019 жыл.

Адвокат Гүлнар Жуаспаева (сол жақта) және Гүлзипа Жәукерова. Алматы, 1 маусым 2019 жыл.

Жәукерова және Демеуова сотта «Қазақстанның демократиялық қозғалысы» (ҚДТ) ұйымына мүше емес екенін, бірақ оларға ұйымның бағдарамасы ұнайтынын мәлімдеді. Ұйым бағдарламасындағы көп балалы ана мен халықтың жағдайын жақсарту туралы жайттар көңілдерінен шыққан.

Адвокат Жуаспаева әйелдердің аса ауыр емес қылмыс бойынша күдікке ілініп отырғанын алға тартып, сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатқанда оларды үйқамаққа алудың еш қажеті жоғын айтты.

Судья Алма Әбдіхалықова Жазира Демеуова мен Гүлнар Жуаспаеваның айтқандарын тыңдап, ақылдасу бөлмесінен келгеннен кейін Демеуованы үйқамаққа алу туралы шешімді жариялады.

Судья Сырым Жақсылықов та Жәукероваға байланысты осыған ұқсас қаулы шығарды. «6 маусымнан кейін Жәукерованың үйі болмаса, онда ол қай жерде үйқамақта болады?» деген сұраққа судья Жақсылықов «бұл мәселені сот емес, Алматы қалалық полиция шешуі тиіс» деп жауап берді.

Жазира Демеуова, Гүлзипа Жәукерова және Оксана Шевчук — 1 мамырда Алматыда өткен рұқсат етілмеген наразылық акциясы кезінде ұсталған ондаған азаматтың бірі. Бұл үш әйелді 9 мамырда өткен «Мәңгілік полк» шеруі кезінде де полиция ұстаған. Мамыр айының ортасында олардың Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған қозғалысқа қатысы бар деген күдікке ілінгені белгілі болды.

Azattyq