Назарбаев ЕАЭО елдеріне ұсыныс айтты
Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев импортталатын тауарларға талдау жасау керектігін айтты
НҰР-СҰЛТАН, 29 мамыр – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЕАЭО елдерін халық тұтынатын тауарларды импорттамай, өзі шығаруға шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Назарбаев импортталатын тауарларға талдау жасау керектігін айтты.
«Жақында мен бұл жайлы ойландым, сөйтіп қазақстандық құрылымды қарап шықтым. Инфляцияның 50 проценті осы тауарлардың импортынан келіп отыр. Ал егер импортталатын тауарларға зер салсақ, мұның бәрін өзімізде өндіруге болады. Мәселен, халық тұтынатын тауарлар: туфли, шұлық, костюм, жейде, тіпті азық-түліктің өзін шетелден тасимыз. Сүт, ет өнімдерін импорттаймыз. Бірақ, былай қарасақ, осының барлығы өзімізде өндіріледі ғой. Неге енді өз елімізде шығармасқа?!», — деді Елбасы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мерейтойлық саммитінде.
Тағы оқыңыз: Путин Назарбаевқа жаңа мәртебе не үшін берілгенін түсіндірді
Ол ЕАЭО елдерінде қандай тұтыну тауарлары шығарылатынына талдау жасайтын комиссия құру қажеттігін атап өтті.
«Мысалы, сүт Беларусьте, Ресейде, бидай Қазақстанда өндіріледі дегендей. Әскерилерге арналған киімнің өзін импорттаймыз. Ұят», — деді Назарбаев.
Тұңғыш президент одаққа қатысушы елдердің барлығын біріктіретін жобалар қажет екенін алға тартты. Мәселен, Еуропа одағындағы Airbus концерні сияқты.
«ЕАЭО-да өндірістік және техникалық әлеует жағынан маңызды рөлді Ресей алатынын мойындау керек. Алайда сол Airbus ұшақтары Еуропаның көп елінде шығарылады. Қосалқы бөлшектері әр жерде бар, барлық ел тартылған, барлығы ақша тауып, жұмыс орындарын ұсынып отыр. Осындай жоба туралы бізге неге ойланбасқа?», — деді Елбасы.
Назарбаев біздің елдерге жақын ара қашықтыққа ұшатын ішкі өңірлік ұшақтар жетіспейтінін атап өтті.
«Біз оларды өзіміз шығара аламыз. Ауыл шаруашылығына да авиация жетіспейді», — деді тұңғыш президент.
Тағы оқыңыз: Назарбаев ЕАЭО саммитінде: сіздерге пайдамды тигізуге тырысамын
Сөз соңында Елбасы осы және өзге де бастамаларды ескере отырып, 2025 жылға дейін жол картасын әзірлеуді ұсынды.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы
Айта кетсек, Нұр-Сұлтанда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мерейтойлық саммиті өтті. ЖЕЭК отырысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық интеграция жөніндегі идеясының 25 жылдығы мен ЕАЭО құру туралы шартқа қол қойылуының 5 жылдығына орайластырылған.
Алқалы жиынға Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей басшысы Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан басшысы Сооронбай Жээнбеков, Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Молдова президенті Игорь Додон және құрметті қонақ ретінде Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон қатысты.
Тағы оқыңыз: Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысы қашан өтеді?
sputniknews.kz