«Шаңырақ ісімен» сотталған Өтегенов департамент ақпаратын жоққа шығарды

0

«Шаңырақ ісі» бойынша сотталып, қазір Павлодардағы қатаң режимдегі колонияда отырған Құрманғазы Өтегенов Павлодар облысының қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ақпаратын жоққа шығарды.

17 мамырда Өтегенов Азаттыққа телефон арқылы хабарласып, гастриті асқынып кеткенін, диеталық тамақ берілмейтінін, емханаға қаралмағанын айтты.

16 мамырда Павлодар облысының қылмыстық-атқару жүйесі департаменті «Өтегеновке түрме қызметкерлері заңсыз әрекет жасады» деген ақпаратты жоққа шығарды. Департаменттің Азаттыққа жолдаған хатында «Өтегеновтің денсаулығы нашарлады деген мәлімет жалған» деп жазылған.

Бұған дейін павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семенова Құрманғазы Өтегеновтің денсаулығы нашар екенін, гастриті асқынып бара жатқанын, аяғы ауыратынын хабарлаған.

Өтегенов 2006 жылғы 14 маусымда Алматының шетіндегі Шаңырақ ықшамауданында болған оқиғаларға қатысты деп айыпталып, 16 жылға түрме жазасына кесілген. Кейін оған “түрме әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбады” деген айып тағылып, негізгі жаза мерзіміне тағы екі жарым жыл қосылған.

2006 жылы Шаңырақ оқиғасынан кейін 18 жылға сотталған Арон Атабек те әлі қамауда отыр. Ал «Шаңырақ ісі» бойынша түрмеге қамалған Рүстем Тұяқов пен Ерғанат Тараншиев 2018 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған.

Azattyq