Ташкент ЕҚЫҰ-ның «сайттарды бұғаттауды доғаруға» шақырған үндеуіне жауап берді
Өзбекстан ақпарат және бұқаралық коммуникация агенттігінің басшысы Комил Алламжонов Еуропа қауіпсіздігі және ынтымақтастығы ұйымының (ЕҚЫҰ) өкілі Арлем Дезирдің Өзбекстан билігін «кейбір ақпарат агенттіктерін бұғаттауды доғаруға» шақырған мәлімдемесіне жауап берді.
«Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің қоғамды демократияландыру, елдегі БАҚ-тың жариялылығын қамтамасыз ету және рөлін арттыру реформалары аясында ақпарат және бұқаралық коммуникация агенттігі сөз және баспасөз еркіндігін сақтаудың құқықтық негіздерін нығайту, БАҚ және азаматтық журналистика саласын дамыту, журналистің мәртебесін және мемлекеттік органдардың ашықтық деңгейін арттыру бойынша жүйелі шараларды іске асырып жатыр» деп жазды Алломжанов өзінің Facebook парақшасында.
Оның сөзінше, агенттік ЕҚЫҰ-ның баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілі Арлем Дезирдің мәлімдемесімен мұқият танысып шыққан. «Кейбір жаңалық ресурстарына кіру қиын деген мәлімдеме бойынша тексеру жүргізеледі» дейді агенттік басшысы.
«Агенттік ұйымның баспасөз еркіндігі бойынша өкілі кеңсесімен кез келген сұрақ бойынша диалогке келуге, ақпарат саласындағы кез келген бірлескен жобаны іске асыруға дайын» деп жазады Комил Алламжонов.
Биыл 18 сәуірде ЕҚЫҰ-ның баспасөз еркіндігі бойынша өкілі Арлем Дезир Өзбекстан билігін кейбір ақпараттық сайттарды бұғаттауды доғаруға шақырған. Ұйым сайтында жарияланған мәлімдемеде Дезир Өзбекстанда кіру мүмкін емес сайттарға мысал ретінде «Фергана», «Озодлик», Eurasianet.org, AsiaTerra, Uzmetronom және басқа да ресурстарды көрсеткен.
Биыл Өзбекстан «Шекарасыз тілшілер» ұйымы жыл сайын жариялайтын сөз бостандығы рейтингінде 180 елдің ішінде 160-орын алды. Былтырмен салыстырған Ташкент бес саты жоғарылаған.