Екі қолынан айырылған ақтөбелік баланың отбасына әкімдік үй берді
Ақтөбе облысының Шалқар қаласында мектеп маңындағы трансформатор күркесіне кіріп кетіп, екі қолынан айырылған 4-сынып оқушысы Дамир Фаткулиннің отбасына баспана берілді. Бұл туралы Азаттыққа Дамирдің анасы Гүлмира Фаткулина хабарлады.
— Сертификатында 3 бөлмелі пәтер деп көрсетілгенімен алты бөлмесі бар жер үй берілді. Ауласы да кең, су құбыры тартылған. Өкінішке қарай, бұл үй әзірше біздің меншігіміз емес. Жергілікті биліктің балансында. Біз келісім шарт негізінде паналап отырмыз. Аудан басшылары бірер жылда аттарыңа аударып береміз» деді. Нақты қашан екенін айтпай отыр әрі бізге берілген үйдің бұрынғы иелерін қалған коммуналдық қарыздары да көп, — дейді Гүлмира Фаткулина.
Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниевтің айтуынша, бұрынғы тұрғындардан қалған коммуналдық қарыз Фаткулиндер отбасына «ешқандай қиындық туғызбайды». «Үйді күзге дейін жекеге аударып береміз» дейді Қаниев.
Шалқардағы №2 мектеп-гимназияның 4-сынып оқушысы Дамир Фаткулин 2018 жылы қазанда мектеп ауласындағы трансформатор күркесіне кіріп кетіп, күйіп қалған. Кейін екі қолы иығынан кесілген. Оқушының анасы Гүлмира Фаткулина баласының мүгедек болып қалуына он мың вольттық трансформаторды қараусыз қалдырып, қауіпсіздікке мән бермеген мектеп, Шалқар аудандық білім бөлімі мен аудан басшыларын кінәлайды.
Оқи отырыңыз: Екі қолынан айырылған оқушының анасы билікті кінәлайды
Бұл жағдайдан кейін қылмыстық іс қозғалған. Тергеушілер жауапқа №2 мектеп-гимназия директорының орынбасары мен мектеп электригін тартқан. Аудандық сот, кейін апелляциялық сот алқасы оларды ақтап шықты. Сот қаулысымен келіспеген Гүлмира Фаткулина кассациялық шағым жазу үшін құжат әзірлеп жатқанын айтады.