Оралмандар үміті – «Отандастар» қоры
– Оралмандар көшінің тоқырауына әртүрлі себеп көп, – деп бастады әңгімесін Сұлтанәлі Базарбайұлы, – Оның бәрін айтып тауысу мүмкін емес. Дегенмен алдағы уақытта оралмандар көші жалғасады деген үміт бар. Өйткені жақында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен «Отандастар» қоры қамқоршылар кеңесінің басқосуы өтті. Ендігі үміт осы – «Отандастар» қорында. Елбасы Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында «Отандастар» қорын құрып, осы қор арқылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына шетелдегі ағайынмен байланыс жасауды міндеттеген болатын. Демек, бұдан былай аталмыш қордың арқасында оралмандар көші қайта жанданады деген үмітіміз бар.
– Түсінікті. Үміт ақталу үшін бірінші кезекте қандай мәселелер ескерілуі керек және «Отандастар» қоры мен Қауымдастық бірлесіп жасайтын кешенді бағдарлама қабылданады дейсіз, осы құжатта нендей мәселелер басты назарда болғаны жөн.
– Ең алдымен бағдарламада оралмандар көшінің маңыздылығы мен қажеттілігі жан-жақты ашылып көрсетілуі керек. Қазір Елбасы мемлекетімізді дамыған елдердің қатарына жеткізуді мақсат етіп отыр. Соның бір саласы – демография. Қазір еліміз тұрғындары 18 миллионнан асып, 19 миллионға бет алды. Кең-байтақ жерді жиырма миллионға жетпейтін халықпен еркін игере аламыз ба? Оның үстіне демографиялық өсіміміз де көршілес елдермен салыстырғанда өте төмен. Мысалы, 1967 жылы Қазақстанда 12,4 миллион, Өзбекстанда 10,8 миллион халық болған екен. Яғни біз көршілерімізден 2 миллиондай артық болыппыз. Арада елу жыл өткенде, яғни 2017 жылғы есеп бойынша Өзбекстан халқы 34 миллионға жақындап, үш есеге көбейіпті. Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан халқы да үш есе өскен. Өкінішке қарай, біз бар болғаны жарты есе ғана өсіп, 18 миллионнан әрең асып отырмыз.
Тұрғындар саны өспеуіне бір себеп – елді тастап шетке көшушілер көп. Айталық, кейінгі 10 жылда елімізден 324 мың адам сыртқа көшкен. Ал келушілер бар болғаны 283 мың адам. Оның сыртында бала туу жөніндегі жағдайымыз да мәз емес. 1980 жылдары республика көлемінде бір жылда 800 мың сәби дүниеге келсе, қазір бұл көрсеткіш екі есе азайып, 400 мыңның айналасында болып тұр.
Демографиялық жағдайымыз осы қалпынан өзгермесе, бұл фактор экономикамызға кері әсер етері анық. Мысалы, бір ғана Солтүстік Қазақстан облысында бүгінгі таңда тұрғындары 50 адамға жетпейтін 100 елді мекен бар екен. Олардың 38-і жақын арада мүлдем жабылады. Қалғандарының болашағы бұлдыр. Яғни халқымыз неғұрлым тезірек көбейсе, экономикамыз да соғұрлым тез дамиды, қорғанысымыз да нығая түседі.
Негізі айтпағымыз, еліміздегі демографиялық жағдай сырттан келетін оралмандарға тікелей байланысты. Соған орай «Отандастар» қоры мен Қауымдастық бірлесіп жасайтын бағдарламада жоғарыда атап өтілген дүниелер ескерілуі тиіс деп ойлаймын.
– Еліміздегі демографиялық ахуалға оралман бауырлардың қосар үлесі зор демексіз ғой. Ендеше қандастарымызды атажұртқа оралтудың басты-басты тетіктері бағдарламада көрініс тапқаны дұрыс шығар?
– Әрине. Оралмандар көшін ұйымдастыру жөніндегі өзіміздің бұған дейінгі жақсы ісТерімізді қазіргі жағдайға бейімдеп, одан әрі дамытуымыз қажет. Сонымен бірге жіберген кемшіліктерімізден сабақ алған жөн. Сонымен қатар Германия, Израиль сияқты этностық көшті жақсы жүргізетін мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп, оның оңтайлы тұстарын өзімізде пайдалану керек. Осы екі мәселенің біріншісіне, яғни өзіміздің оралман көшіне қатысты жетістіктерімізге тоқталайын. Тоқсаныншы жылдары шетел қазақтарының Қазақстанға оралуға деген құлшынысы ерекше болды. Олар атажұртқа ағылып келіп жатты. Қазақстан үкіметі де көші-қонға айрықша ынта-ықылас танытып, жұмыстарды ұйымдастыруға көңіл бөліп, жағдай жасады. Мына жағы Моңғолия, сонау араб елдері мен Түркияға дейін арнайы ұшақтар жіберіп, ағайындарды жүздеп, мыңдап көшіріп әкелді. Бұл жұмыстарды ұйымдастыруға сол кездерде көші-қонның басы-қасында жүрген Саят Бейсенов, Ғазиз Есмұханов, Памир Камалиев, Мұхит Ізбанов, Марат Қонақбаев, Данияр Арғынбаев, Ахмет Әбибеков, Марат Тоқсанбаев және басқа да азаматтар ерекше еңбек сіңірді. Ішкі істер министрлігі Паспорт және виза жұмыстары бас басқармасының бастығы Өмірбай Мұсаев та бұл игілікті іске айрықша жанашырлық танытты. Марқұм Қалдарбек Найманбаев бастаған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қызметкерлері де осы қызу істің бел ортасында жүрді. Біз қазақтар тұратын шет- елдерге жиі шығып, оларға атажұртқа оралудың жол-жобасын көрсетіп, келетін отбасылардың тізімін жасап, көші-қон мекемелеріне өткізуді тұрақты жүргіздік. Жергілікті әкімшіліктермен байланыс жасап, келген оралмандардың дұрыс орналасып, жаңа ортаға тез бейімделуіне қолдан келгенше көмектестік.
Нәтижесінде, жыл сайынғы көші-қон квотасының саны 20 мың отбасына дейін жетті. Этностық көш осы қалпымен тоқтамай жүре бергенде қазіргі кезде оралмандар саны біз айтып жүрген бір миллион емес, одан әлдеқайда көп болатыны анық еді. Бірақ…
– Иә, бірақ демекші уақыт өте келе көштің қарқыны саябырсып, тоқтауға шақ қалды. Бұған не себеп?
– Мұның себептері әртүрлі. Мысалы, бір кезде оралмандармен айналысқан Көші-қон комитеті қақпақылға ұшырап, ақырында жабылып тынды. Қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрамында басқарма ғана. Қызметкерлері санаулы, мүмкіндігі шектеулі, үлкен шаруа тындыруы екіталай. Бұл бір. Екінші себеп – бұл жұмысты жүргізудің жүйеленген бағдарламасы болмауы. Мұндай бағдарлама «Халықтың көші-қоны туралы» заң негізінде жасалуы тиіс еді. Тәуелсіздік алғаннан бері бұл заңға өзгертулер мен толықтырулар көп енгізілді. Жаңа жобаны дайындайтын жұмыс тобы мен депутаттар заңның осы жолғы нұсқасы өте керемет, оралмандарға барлық жағдай жасалады деген әңгіме айтады. Бірақ заң қабылданғаннан кейін оның бәрі жайына қалады. Оралмандардың жағдайы жеңілдемек түгілі бұрынғыдан қиындай түседі. Бұл туралы кезінде «Егемен Қазақстан» газетінде «Қабылданған заң қайда қалды?» деген проблемалық мақала да жариялағаным бар.
– Енді жоғарыда айтылған «Отандастар» қоры мен Қауымдастық бірлесіп жасайтын бағдарламаға қайта оралсақ. Сіз көші-қон жайымен ертеден таныс, тәжірибелі тұлға ретінде жоғарыдағы бағдарламаға өз тарапыңыздан қандай ұсыныс берер едіңіз?
– Мен үшін жаңа бағдарламада көші-қон мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, оралмандарды көбейтудің барлық мүмкіндіктері қарастырылуы аса маңызды. Бұл жөніндегі біраз ұсыныстарымды жоғарыда шет жағалатып айттым да. Дегенмен бірнеше мәселеге назар аударғым келеді. Әңгімеміздің басында оралмандарды көбейтудің екінші жолы – өркениетті елдердің этностық көшті жүргізудегі озық тәжірибелерін тиімді пайдалану деген едім. Бұл өте маңызды шаруа. Көптеген мемлекеттер репатрианттарды, біздіңше айтқанда оралмандарды көшіріп алуды олардың бұрыннан өмір сүріп жатқан тұрғылықты жерінен бастайды. Атажұртқа визаның қай түрімен қоныс аударады, барған соң тұрақты тұруға, тіркелуге, азаматтық алуға қандай құжаттар керек болады – оның бәрі сол жақта дайындалады. Шекарадан өткенде кім күтіп алады, қай өңірге орналасады, баспана мәселесі қалай шешіледі, не жұмыс істейді – бәрі де ескеріледі. Этностық көшті ұйымдастыруда біз де осындай өркениетті жолға түсуіміз керек. «Халықтың көші-қоны туралы» заңда мұның бәрі еліміздің Сыртқы істер министрлігіне жүктелген. Бірақ әртүрлі себептермен бұл әлі күнге орындалмай келеді. Осы мәселені реттеу керек.
Екіншіден, оралмандарды күтіп алып орналастыру мәселесімен ешкім айналыспайтынын жоғарыда айттық. Дейтұрғанмен біраз облыстарда оралмандарға арналған бейімдеу орталықтары бар. Бірақ олардың жұмысы бүгінгі заман талабына сай емес. Болашақта осы мәселе де назарда болғаны жөн.
Оралмандардың тұрақты тіркеліп, азаматтық алуындағы құжаттарды азайтқан жөн. Соңғы жылдары оларға әуелі ықтияр хат беру керек, азаматтыққа құжатты содан кейін өткізеді деген ереже шықты. Бірақ ықтияр хат – азаматтық алмай, белгілі бір уақытқа дейін ғана тұратын тұлғаларға берілетін құжат. Сондықтан Қазақстанда тұрақты қалатындарға бірден азаматтық берген жөн. Басқа елдерде осындай.
Мысалы, күні кеше Ресей президенті Владимир Путин дүниенің түкпір-түкпіріндегі орыстар мен орыстілді азаматтарды ешқандай кедергісіз, әуре-сарсаңға салмай миллиондап қабылдап, бірден азаматтық беретін бағдарламаға қол қойды. Енді әлемнің әр тарабынан Ресейге репатрианттар толассыз ағылатыны анық. Ал біз оралмандардың келуін жеңілдетпек түгілі, неше түрлі сылтаумен барған сайын қиындатудан танбай отырмыз.
– Әңгімеміздің соңында өзіңіз ұзақ жыл жұмыс істеген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы ұжымына қандай тілек айтар едіңіз?
– «Отандастар» қорының құрылуына байланысты Қауымдастықтың жұмысын қазіргіден күшейтіп, жаңа деңгейге көтеруге үлкен мүмкіндік туды. Арқа сүйейтін осындай тірегі болмағандықтан Қауымдастық кезінде көп қиындыққа душар болды. Әсіресе қаржы мәселесінің дұрыс шешілмеуі шаршататын. Қызметкерлер жарытымсыз жалақыға жұмыс істеді. Жоспарланған іс-шараларға керекті азын-аулақ қаржыны әркімге алақан жайып, әрең алатынбыз. Қаржының жоқтығынан қаншама жоспарымыз жүзеге аспай қалды. Алматыдан Астанаға көшіп, қызметкерлер құрамы түгелдей жаңарған Қауымдастық ендігі жерде мұндай қиындықтардан құтылып, қанатын кең сермеп, биікке көтеріледі деп ойлаймын.
Әңгімелескен Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»