Қытай иероглифі жазылған алма қазақстандықтарды шошытты
Қысқа сілтеме алу
Көкшетау тұрғыны жемісті жергілікті супермаркеттен алған
АСТАНА, 19 наурыз — Sputnik. Дүкендегі қытай иероглифі жазылған алмалар қазақстандықтардың үрейін туғызды. Ол жемістің адам денсаулығына тигізетін әсерін Ақмола облыстық қоғам денсаулығын сақтау департаментінің мамандары айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Көкшетау қаласының тұрғыны Диляра Төлегенова алманы «Кристалл» супермаркетінен сатып алған.
«Мен үнемі жергілікті алма алуға тырысамын. Осы жолы да «Салтанат» сұрпын таңдадым. Бар болғаны төрт алма ғана алдым. Ол сауда орнында өзіміз таңдай алмаймыз, сатушы қызмет көрсетеді. Сондықтан алмаға айтарлықтай мән берген жоқпыз. Үйде жемісті жуған кезде қызым қытай иероглифін байқап қалды. Жазу үш алмада болды. Ол жабысқан қағаз емес, алманың өзіне бояп жазып қойғандай. Жемісті бірден лақтырып жібердік, әрине. Дүкенге қайта апарған жоқпын», -дейді Диляра.
©
Foto : предоставлено очевидцем
Қытай иероглифі жазылған алма
Облыстық қоғам денсаулығын сақтау департаментінде алманың Қытайдан жеткізілгенін растады. Алайда олар денсаулыққа қауіпті емес деп отыр.
«Әлі піспеген алмаға қағаз жабыстырылады. Күн сәулесі түскенде жемістің қағаз астындағы бөлігінің түсі өзгеше болып қалады. Иероглиф сол қағаздан қалып қойған»,- дейді санитарлық дәрігерлер.
Сондай-ақ департамент қызметкерлері супермаркетке барып, жемістердегі нитрат мөлшеріне тест жасады.
Оның нәтижесі мынадай.
©
Foto : предоставлено СЭС Акмолинской области
Қытай иероглифі жазылған алма
«Біз нитрат пен ГМӨ мөлшерін зерттедік. Оның қорытындысын мерекеден соң жариялаймыз», — деп толықтырды департамент өкілдері.
Супермаркетке жеміс-жидек пен көкөніс жергілікті көтерме сауда базарынан жеткізіледі. Барлық өнім арнайы зертханада нитрат пен пестицидке тексеріледі екен. Иероглифті алманың да тиісті сертификаты бар.
Дегенмен көкшетаулық тұтынушылардың сауалы сол күйі қалып қойды. Олар қытайлық алманың неге «Салтанат» деп аталғанын түсіне алар емес.
sputniknews.kz