Рамазан айында қандай адамдардың тілегі қабыл болмайды?
Биыл қасиетті Рамазан айы 27 мамырда басталады. Адамды сабырлық пен ізгілікке, кешірімділікке үйрететін айдың берері мол. Бұл ай 30 күн бойы аш жүру деген сөз емес, бұл Аллаға құлшылық қылып, күнә мен жамандықтан арылу, дұрыс жолға бет бұру.
Осы орайда «Нұр Астана» мешітінің имамы Дәурен Мүслімов ораза кезінде қандай адамдардың күнәсі кешірілмейтінін айтты.
«Алла қаншалықты ұлық, Рамазан айы қаншалықты қасиетті болса да, мына төрт түрлі адамның тілегі, ниеті қабыл болмайды. Біріншісі ішімдік ішетіндер, екіншісі ата-анасымен байланысын үзгендер, үшіншісі – туысқандарымен байланысты үзгендер, төртінші – біреуге кек сақтап, өш алғысы келетіндер. Бұл адамдардың тілеген тілегі орындалмайды, күнәлары кешірілмейді. Сондықтан да ағайындарыңмен араздасып, араласпай кеткендер болса, кешірім сұраңдар, кешірімді болыңдар. Рамазан айын жақсы іспен бастаңдар», — деді имам.
Айта кетсек, биыл Ораза айт мейрамы 26 маусымда басталады. 21 маусымнан 22 маусымға қараған түні Қадір түні.
Осы жылы республика бойынша белгіленген пітір садақа мөлшері 300 теңге.