Ақтөбе имамдарына қызметтік пәтер салынады

0

Астана. 15 қараша. KAZISLAM – Ақтөбенің Хромтау ауданындағы «Нұр» мешіті жаңа құрылыс жобаларын жоспарлап отыр. Жыл аяқталуға таяса да, жұмыс қарқыны бәсеңдер емес, деп жазады Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі.

Оның бірі – имамдарға арналған 2 пәтерлі қызметтік баспана. Сондай-ақ, қайырымдылық дүкені мен сауат ашу курсына арналған сынып бөлмесі салынбақ. Бүгінгі таңда құрылыстардың эскиздік жобалары сызылып, орны белгіленген.

Бұл туралы ҚМДБ Ақтөбе өкілдігінің көшпелі отырысында мәлім болды. Жиында ауданның бас имамы Алмат Әли 2018 жылы атқарылған жұмыстарды баяндады. Соның ішінде, мешіттегі қайта қалпына келтіру шараларына тоқталды. Жуырда аудан әкімінің қолдауымен аудан мешіті жанындағы асхана құрылысы қайта жанданды. Сондай-ақ, мешіт ауласына жалпы көлемі 500 шаршы метр тас төсеніштер төселетін болады.