Сүгір жырау Бегендікұлы хақында…
Сүгір Бегендікұлы 1894 жылы Маңғыстаудың Өгіз-Өреулі деген жерінде дүниеге келген. Ол алғаш рет 16 жасында топқа түсіп елге танылған. 1930 жылғы «Адай көтерілісіне» белсене араласып, кеңестік қызыл қырғында атамекен Маңғыстаудан еріксіз көшкен. 1930-1968 жылдар арасындағы 38 жыл өмірін түрікмен, өзбек, қарақалпақ жерінде өткізген. Сүгір Бегендікұлы Хорезм елінен 1968 жылы Маңғыстауға көшіп келіп, 1974 жылдың 30 маусымында сексен жасында туған топырағында көз жұмады, зираты Маңғыстаудың Шопан ата қорымында.
Сүгір атамыз «Біссіміласыз» сөз бастамаған және сопылық ілімнің Тарихат жолын аса жоғары деңгейде меңгерген. Толғау-жырларының бәрінде дерлік Адам ата мен Ауа ананы ұлықтаумен басталып, адамзаттың шежіре-тарихы тереңнен зерделеніп, ұрпаққа үлгі ретінде ұсынылып отырады.
Шежіре-тарих пен дін жайлы көне жазбалардың бірі «Авестаның» — өзіміздің Әбеспе деген сөзімізден шыққанына қазіргі Каспий теңізінің ежелде «Әбескүн теңізі» деп аталғаны және қазақ баласының күнделікті қолданысында жүрген «әбес», «әбес іс», «әбестік», «мұныңыз әбес іс болды», «әбестік жасама» деген сияқты ескерту сөздері толықтай дәлел бола алады.
Сол «Авестаның» басты кейіпкері Заратуштра — Иранның Шығысындағы көшпенді елдің ұрпағы әрі оның дінін қабылдаған Шығыс Иранның патшасы Кави-Виштаспы; ғалымдар бұл аймақты бүгінгі Орта Азия жері деп санаса, біз оны бүгінгі қазақ даласы деп батыл айта аламыз.
«Авеста» бүкіл әлем елдері арасында ең ежелгі тарихи дерек көздердің қатарына жатады.
Міне осы «Авестада» Tурлар (Түріктер, Тұрандықтар М.Қ.) мен арийлер (Арыстар М.Қ.)) арасындағы шым-шытырық оқиғалар Әмудария мен Сырдария, Каспий мен Арал, Еділ мен Кама өңірлерінде өрбиді. Бұл «әнұрандағы» кейіпкерлер доңғалақты арбаларға мінген. Олардың қарулары — садақ пен жебе, найза, айбалта, кәсібі — мал өсіру (өгіз, жылқы және түйе), тамағы — ет пен сүт, Құдайға құрбандыққа шалуға жылқы, сиыр, қой әкелетіндігі баяндалған.
«Авестадағы» Құдай әнұрандары Орталық Азия мен оның солтүстігінде жапсарлас жатқан Қазақстанның бақташы-егінші тайпаларының рухани өмірі туралы құнды материал береді. Арийлердің Құдайға құрбандық шалып, оның атына мадақтау айтатын жерлері археологиялық деректермен де расталып отыр» (Көне парсы деректері. «Ежелгі Қазақстан тарихы жазба деректерде»).
Шумерлердің өмір салты, кәсібі, қару-жарағында, діні мен діни ғұрыптарында, тілінде қазақтардан еш қандай айырмашылықтары жоқ. Шумерлер өздерін Қарабас деп атаған. Осы Қарабастың басы да, аяғы да, ортасы да Маңғыстауда толықтай сақталған. Мысалы, Қаралардың шыққан түбі Түпқараған (Қарағантүп) болса, басы Қарамандыбас, ортасы Қараман және Адайдың Мұңалында Қарабас (бес Қарабас) атты ру күні бүгінде де бар.
«Авеста» жыры қазақтың Батырлар жыры, шежіре, өсиет, толғаулары сияқты жатқа айтылып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келген. Шежіре-тарихты жырмен жазу қазақтың ежелден келе жатқан Ата салты.
Біздің жыл санауымыздың жетінші, сегізінші ғасырларында Иран мен Орта Азияда ислам діні қабылданып, Заратуштраның орнын басты. Бұл дінге табынушылар қуғынға ұшырап, Үндістанға жер ауды, осы заманда ол дінді ұстайтындар Ибра аталады. Біз бұл атаудан Ибраһим (Ыбырайым) пайғамбардың есімін көреміз. Ыбырайым Атамыз жайлы деректер Маңғыстаудың шежіре-дастандарында көптеп сақталған.
Бұл жайында Cүгір атамыз өзінің «Шежіре жыр» дастанында былайша суреттейді:
«Ыбырайым, Кенған екі ауыл (1).
Алжасып дінге таласқан,
Кенғанның бір әулеті (2).
Іше берген арақ-шараптан.
Ыбырайымның әулеті
Келемесін қайырып
Ақан таудың етегі (3).
Арапа бізге болсын деп (4).
Алты тақта араптан (5).
Әжі барып дәм татты
Әжі білімді бұлақтан (6).
Он сегіз мың ғаламды
Сонда Сүлейменге сұратқан (7).
Мұсылман, кәпір бірігіп
Араласып жүргенде
Құлшылық үшін Құдайға
Мұхамбетке үмбет болғанда
Бір діндегі халықпыз,
Атамыз Әнес сахаба,
Мұсылманның баласы
Жүз жиырма бес таңбалы (8).
Осы отырған көпшілік
Сол Әнестің аумағы («Жыр дария», 448-449 беттер).
Түсініктеме:
1. Қасиетті Құранда Ыбырайым атамыздың есімі Ибраһим деп беріледі. «Негізінен Аллаһ Адам мен Нұхты және Ибраһим мен Имранның жұрағатын әлемдерге ардақты қылды» (3.Али Имран-33).
2. Арақ-шарап іше беретін ауылдың ұрпақтары да (Европалықтар) әліге дейін арақ ішулерін қоя алмай келеді. Қаз Адай шежіресінде Бекарыстың екі баласы бар, үлкені Алшын, кішісі Кеншін деуші еді ғой. Кенған, Кеншін бәрі бір ауыл. Олардың да шыққан жері Маңғыстау, ол бүгінгі Кендірлі шығанағы атауымен сақталған. Бәрінің «Кен» деген бір түбірден болатыны осыдан. Ен, Кен, Кендірлі, Кенегес, Кентау, Кеніш, Кенші, Ең, Ен дала, Кең, Кең дала т.т. атауларда сол кеншіндердің авторлық құқы сақталып тұр.
3. Ақтау (Ақ Ман) тауы;
4. Ардың апасы (анасы) болсын деп, яғни араптар қазақтың жиені;
5. Қазіргі Арап жұрты (Арабия);
6. Әжі – Маңғыстауда Әжі баба, Әжібай атты бірнеше алқап (жер), ежелгі қорымдар бар. Сонымен қатар Әжі атты Ерейментау тауының солтүстік-шығысында тау бар.
7. Дәуіт пайғамбардың ұлы он сегіз мың ғаламның билеушісі Сүлеймен патша.
8. Ол кезде қазақ қағанаты 125 таңбалы рулардан тұрған. Қазіргі қазақта 105 таңбалы ру бар делінеді.
Биссімілла – сөздің данасы,
Құранның Алхам анасы.
Ыхсанды жаман демеңіз,
Ыхсанды жаман десеңіз
Абыл мен Қабыл екеуі,
Бір ананың баласы.
Алжастың басын айтайын:
Әзәзіл шайтан азғырып,
Абылды Қабыл өлтіріп
Мұсылман мен кәпірдің,
Айырылған екен арасы.
Содан бері таралдық
Атамыз Әнес – Жабалдан,
Мағыраж бенен Жараздан.
Туғанда Алшын – Алаудан
Үш ананың баласы,
Алыс емес арасы.
Жоғары тұрған Нәдірден,
Сарыүйсін мен Дулатым
Алатау жағын жайлаған.
Ерегескен дұшпанын,
Ауызға салып шайнаған» — деп қазақтың үш жүзден тараған үш баласының ұрпақтарын сипаттап, қайда қоныстанғанын талдап айтып шығады. (https://mangystaumedia.kz/30/21878/).
Құнанорыс ішінде,
Бес Қожамшар Кенжебай,
Үстіне әсем үй тігіп,
Нар асылын алдырып,
Күмістен мұрындық салдырып,
Жүз түйе тіркеп қыз берген.
Сахи Ерпан сол екен,
Тұсында болған кісілер,
Ерпандай болсақ дер екен.
Қыз ұзату жөнінде,
Қара үйлі Қазақта,
Адай түгіл Алашта,
Өз еркімен қыз беріп,
Теңіне қосқан жылатпай,
Үлгі салған сол екен – деп, жақсы істе кімдер үлгі болғанын айшықтап атап жырға қосса, «Насихат» толғауында Үш аналы қазақтың бір әкенің ұлындай, бір анадан туғандай болуын өсиет етеді.
Жалпы қазақ баласы.
Насихат айттым қарттықта
Менің тілер тілегім:
Мен қазақтың баласы
Бір анадан туғандай
Табылса тағам бөліп же
Бір әкенің ұлындай,
Жыртығын тапсаң егер де
Біріңді бірің қамдап жүр.
Байқаймын түрін заманның
Әзәзіл шайтан аңдап жүр.
Біз дүниеден кеткен соң
Патша болар өзгерген,
Хан баласы кем еді
Шалқыған шалқар көлдерден,
Хорезм мен Хиуадан,
Түркістанның үстінен
Әулие — Пірлер кетеді,
Жетімдерді қамдаған
Нағыз ишан білгірлер
Бәрі де өтер дүниеден.
Сөз жауабын толғаған
Мұп-мұсылман қазағым
Біріңді бірің налытпа.
Қаптаған жауда қалсаң да.
Қаптаған жауда да қалсаң да
Сен де тудың ер болып
Еңіреген ел үшін,
Қынай белді буыңыз,
Адал жүріп, ақ сөйле,
Жібермеңіз халықтың
Алдағы алар жемісін.
Орта Жүз бен Кіші Жүз
Деген сөзді қойыңдар,
Біріңе бірің тату боп
Қамқорлық жасап қамдап жүр,
Әзәзіл — шайтан алдыңнан
Бәріңді де алдап жүр,
Жас жетім мен мүсәпір,
Жарлы менен Жақыбай
Жағдайын айтса налытпа.
Өсиет айттым аздаған
Байтақ қазақ халыққа… (Насихат сөзі).
Балаңның жаман болғаны,
Жақынын жатқа санаса.
Қызыңның жаман болғаны,
Ата менен Анасын,
Сыйламаса ағасын.
Келіннің жаман болғаны,
Келген жерге жағдайсыз,
Жақсының ашса арасын – деп, жақын мен алыстың, әдепті менен әдепсіздің, жақсы менен жаманның ара жігін ажыратып әділ бағасын береді.
Сүгір Мұрын, Қашаған, Сәттіғұл жыраулармен замандас, тұз-дәмдес болған. Сүгір жырау Абылдың, Ақтанның, Нұрым мен Қашағанның, Әбубәкір мен Сәттіғұлдың, тағы да басқа ақын-жыраулардың шығармаларын елге таныстырумен қатар, оларды өз шығармаларында мадақтап жырға қосқан. Қырымның қырық батыры», «Қарасай-Қази», «Орақ-Мамай», «Мұңлық-Зарлық», «Ер Едіге» т.б батырлар туралы, ноғайлық жырлар мен ұзақ дастан-жырларды сан түрлі мақам-саздарға салып құбылта жырлаған және сол мол мұраны бүгінгі ұрпаққа аманат етіп табыстап кетті. Жыраудың өзі шығарған «Хорезм елімен қоштасуы», «Мұштарих», «Өмір сыры», «Ризамын халқым», “Арман”, “Елді сағыну”, ”Қоштасу”, ”Терме” “Беташар”, ”Тойбастар”, “Сәттіғұл ақынға”, «Аттандыру”, ”Аманат”, ”Жоқтау” атты толғау жырлары ел арасында кеңінен тараған.
Үлкен жиын үстінде үлкендер Сүгірдің жырын тыңдауға құлық байқатыпты. Бір сыйлы кісі отырып: «Кәне, Сүгір, сен бізге білетін жыр-дастандарыңның аттарын айтып таныстыршы, соның ішінен өзіміз біреуін қалап айттырармыз», – депті. Сонда Сүгір өзі білетін дастандарын былайша таныстырыпты:
Жасы үлкен жеңге-ағалар,
Жасы кіші іні-балалар,
Келіндер, қыздар, аналар,
Сіздер сөйле дегенде
Сөйлемейтін Сүгірде
Әлде қанша шама бар?
Менің айтқан сөзімді
Зейін қойып есітіп
Үйлеріңе ала бар.
Сіздер алып кеткенмен
Өзіме ермек және бар.
Құлақ салып тыңдасаң,
Таң атқанша кететін,
Күн шыққанша жететін
Кіші жүздің ішінде
Кердері деген ауыл бар –
Бұлбұлдай тілі сайраған
Әбубәкір бұлбұл бар,
Таусылмайтын құрғыр бар.
Мұны қалай көресіз –
Бір тыңдауға бұл қалай?
«Бұл болмайды» десеңіз,
Мұнан уайым жесеңіз,
Хабарыңызды бересіз.
Әмірді етпей бола ма,
Жыйналған елім, төресіз?!
Одан былай сөйлесем,
Әруағы өрттей қаулаған,
Ата жауын жаулаған,
Атасының арманын
Бітірем деп Қырымнан
Қырық мың әскер қамдаған;
Ер Орақтың балдары
Қарасай, Қази – қос батыр,
Әділқанмен үш батыр –
Бір тыңдауға бұл қалай?
Әділді кім деп сұрасаң,
Таққа мініп хан болған,
Қараңғы жерде шам болған.
Бұйрығымен Әділдің
Қырық мың әскер жан болған.
Бес жасында белсенген,
Өскен сайын өрленген,
Алты жаста оқ атып,
Жеті жаста желденген.
Жеті жасқа келгенде
Қыялай қылыш серменген.
Алысқа барып көрмеген,
Он жасына келгенде
Хан болып халқын меңгерген –
Бір тыңдауға бұл қалай?
«Бұл да болмайды» десеңдер,
Мұнан уайым жесеңдер –
Жағалбайлы елі бар.
Жаз жайлауын сұрасаң,
Көк теңіздің жағасы,
Ұлан-байтақ жері бар.
Базарбай атты байы бар,
Базарбайдың баласы
Төлеген мырза тағы бар.
Ақ Жайыққа кететін,
Қыз Жібекке жететін,
Қосыла алмай өмірден
Арманда болып өтетін –
Бір тыңдауға бұл қалай?
Одан былай сөйлесем,
Қара қасқа атты Қамбар бар,
Айтылмай жатқан жандар бар.
Қыз Назымы бұлаңдай
Он сегізге толған жасында,
Кәмшат бөркі басында,
Қара мен төре қайғырды:
«Болмадық, – деп, – ашына», –
Бір тыңдауға бұл қалай?
Қалдығайты, Бұлдырты
Көдесінің түбін қарасаң,
Жайылып жатқан қой-жылқы.
Қара Қыпшақ Қобыланды
Тұлпар атқа мінген жер,
Ту алып қолға желген жер –
Бір тыңдауға бұл қалай?
Тағы бір жырым қалыпты,
Көпшілікке анық-ты.
Жиделі-Байсын жерінде,
Қоңырат деген елінде
Байбөрі деген бай екен,
Бақ дәулеті сай екен,
Төрт түлік малы бар екен,
Бір перзентке зар екен.
Әулие қоймай ат айтып,
Қартайып келген шағында
Тілеп алған Алладан
Алпамыс қыран бар екен –
Бір тыңдауға бұл қалай?
«Бұл да болмайд» десеңіз,
Мұнан уайым жесеңіз,
Әміріңді етпей бола ма
Хабарыңды бересіз?!
Ел-жұртым, халқым астана,
Жыйналған бәрің төресіз…
«Зұлқарнайын Ескендір»,
«Әзірет Әлі», «Шыңғысхан»,
«Қырық тарау ноғайлық»
Дастандарым тағы бар,
Бәрі бізден табылар.
«Бұл да болмайд» десеңіз,
Мына отырған жыршыңыз
Жан қалтасын қағынар.
Өздеріңнен аяйтын
Жыршының не жаны бар?! («Бір тыңдауға бұл қалай?»). Атамыз жоғары да
аттары аталған батырлармен қатар «Зұлқарнайын Ескендірді де», «Әзірет Әліні де», «Шыңғысханды да», «Қырық тарау ноғайлық (Қырымның қырық батырында» бәрінің тегін қазақ деп отыр. Әйтпесе, ол дастандарды жырлап не істесін, жырлағанда да оны кім тыңдар еді. Мысалы, Сіз өзіңіз орыстың бірінші Петрі жайлы жыр жазып оны жырлар ма едіңіз. Әрине, жоқ деп жауап береріңіз сөзсіз.
Ел арасында адамзаттың шежіре-тарихы жайлы Сәттіғұл мен Сүгірдің жұмбақ айтысы сақталған.
Ескелді Сүгір мен едім,
Қайнарлы бұлақ, көл едім,
Алдыма шықса біреулер
Тілменен талай бөгедім,
Мен тізгінімді бермедім, деген жыр шумақтарынан жыраудың суырып салма ақындық өнері де аса жоғары деңгейде болғанын көреміз.
Сүгір жырау тек қана өз елінде емес, Қарақалпақстан, Түрікменстан, Өзбекстанның батыс облыстарын аралап, халық арасында өнер көрсетуге жарты ғасырлық ғұмырын арнаған және өзінің асқан өнерпаздығын жүрген жерінің бәрінде еріксіз мойындатқан. «Сүгірдің термесі” ,”Сүгірдің әні”, ”Сүгірдің жыр-сазы” тәрізді әуендері елді күні бүгінде де баурап алады. Сүгір бір шығарманың өзін, өзі шығарған бірнеше әуенмен құбылта орындап, тыңдаушыны баурап алатын қасиетке ие болған, жыршылық, ақындығымен қоса композиторлық дәрежеге көтерілген аса дарынды өнер иесі. Сүгір атамыздың замандасы Ұзақбай жырау:
Сөз жауабы өрленген.
Жеті қабат сазың бар – деп, Сүгір атамыздың өз жырын жеті түрлі әуен-сазбен құбылта жырлайтынын ерекше айтып кеткен екен.
Қазіргі белгілі жыршылар қырықмылтық Бүркітбайға, Жақсылық Елеусінұлына батасын беріп, оларға ұстаз болған. Сүгірдің ұрпақтары туралы сөз етсек, тұла бойы тұңғышы Есқуат Ұлы Отан соғысы кезінде Сталинград түбінде шайқаста қаза болған, екінші ұлы Өтелген қазір зейнеткер. Жаңаөзен қаласында тұрады, балалы-шағалы.
Сүгір «Тектіден туған текті». Ол әлемге қазақтың ұлы қағаны Шыңғыс ханды берген Адайдың Мұңалы, оның ішінде Жаулыдан таралатын Ескелді ауылының перзенті.
Сипаттап айтсам Сүгірді,
Мұңалдан еді руы.
Асыл ердің құлыны,
Ақ зәмзәмнің тұнығы.
Алмастың қалған сынығы.
Үлгі алған жерін айтайын
Абыл, Ақтан, Қашаған,
Шыршығұлдың Нұрымы,
Құлағымнан кетпей жүр
Үш бунақтан қайтарған
Сүгірдің ән мен құнығы,
…Мақтанса да бір жігіт
Сүгірден артық неғылды.
Дүниеде кемі жоқ
Хан, төредей бағылды
Құдіретке не шара
Артыңда халқың сағынды.
Орда көрген үлгілім,
Молда көрген білгірім,
Қаршығадай ілгірім,
Қайраттыдан қаймықпай
Қайыспайтын дүлділім,
Шабысыңнан тоқтадың
Байрақ алған жүлделім,
Тауысқан топты жорғалап,
Табаны тайпақ сүргінім.
Қиналғаннан не пайда
Енді айналып келе ме
Өтіп кеткен бір күнің?
Арқа сүйер ер едің,
Ел бастайтын көсемім,
Сөз бастайтын шешенім,
Сен құралдың есі едің
Сенен үлгі алсам деп
Жолдас болдым неше күн. Бұл Ыбырайым ақұн Құлбайұлының «Сүгір жырауға арнаған
жоқтау толғауынан» алынған үзінді. Соңғы ғасырларда қазақ жырауларының ішінде мұндай мадаққа ие болған адам кемде-кем.
Бүгінде көзі тірі Сүгір жыраудың шәкірті Жақсылық жыршының айтуынша Сүгірдің әкесі Бегендік қажы шариғатқа жүйрік, діннің терең құпия сырларын мейілінше жетік меңгерген тақуа адам болған. Әкесі Бегендік діни сауатты, екі рет Меккеге барып “Қажы” атанған кісі. Ол кісіден мынадай көріпкелдік сөз қалған:
Мұсылман арақ ішіп, дінін сатар.
Қатын-қыздар бетін бояп, інін сатар.
Қазақтың аузы ала болады,
Ғылымы шала болады.
Ата-ананың көкірегі жара болады.
Жас балалар некесіз қатын алады.
Айналғанда сол баладан
Өзі бәлеге қалады, — дегені айна қатесіз келіп тұрған жоқ па?!
2014 жылы Сүгір атамыздың 120 жылдық мерей тойы Ата ұрпақтары және туыс ағайындарының ұйымдастыруымен Маңғыстауда кеңінен аталып өтті. Еңбектері жинақталып кітап болып басылып шығарылды. 1. Салқынұлы С. «Жүйрігі едің Адайдың» Алматы 2008 жыл.
1. «Мен қашаңғы жүйрігің. Маңғыстау жыр-термелері». 2 кітап (құрастырған, нотаға түсірген А. Жаңбыршы) Алматы «Нұрлы Әлем», 2008 – 416 б. Ақтау, 2014ж.
Сүгір Бегендікұлының «Ауылға Сүгір келді» деп басталатын термесін естімеген қазақ кемде-кем болар. Осы терме орындалған сәттердер де тыңдарман қауымның арқасы қозып, орындарынан тұрып, құрмет көрсеткендерінің де талай жерде куәсі болдық.
Сүгір жыры әлемді шарлап кетті. Оған дәлел әлем өнерпаздарының Америкада (2001) бас қосқан байқауында Қыдырәлі Болманов «Сүгірдің термесін» орындап бас бәйгені жеңіп алса, «Kesh yoy» тобы Түркияда өткен халықаралық фестивальда «Ауылға Сүгір келді» термесін орындап бас жүлдеге ие болды. Бұл қазақ музыка өнерінің құдіреті және Сүгір атамыздың асқан дарын иесі екендігінің айдай айғағы болып табылады.
Қанша жерден бірінші орын алды десек те домбырамен айтылатын түпнұсқасына ештеңе жетпейді. «АУЫЛҒА ДА СҮГІР-АЙ КЕЛДІ ДЕП»…
Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы
Abai.kz