Қазақстанда «Жас полиция» кадет қозғалысы қарыштап дамуда
Қазіргі таңда төрт жалпы білім беретін мектепте 5 кадет сыныбы жұмыс жасайды.
Алматы облысында құқық қорғау бағытын негізге алған еліміздегі алғашқы кадет сыныбында білім алушылардың слеті ұйымдастырылды. Өтеген батыр кентінде ұйымдастырылған іс-шараға Талдықорған қаласы мен Іле ауданының мектептеріндегі 150-ден астам кадет қатысты деп хабарлайды zakon.kz.
Алматы облысында негізі қаланған «Жас полиция» кадет қозғалысы сұранысқа сәйкес даму үстінде. Қазіргі таңда төрт жалпы білім беретін мектепте 5 кадет сыныбы жұмыс жасайды. Пилоттық жоба ретінде алғашқы кадет сыныбы былтыр Іле ауданы Өтеген батыр кентінің №7 орта мектебінде ашылды. Бұдан кейін осындай сыныптар ауданның басқа үш мектебінде ашылды. Полициялық бағытты ұстанған алғашқы кадет сыныбын ашу идеясын, кейіннен «Жас полиция» жобасын одан әрі дамытуға облыс басшысы Амандық Баталов қолдау көрсетті.
«Кадеттердің алғашқы слетін өткізу туралы шешім қабылдау кезінде Іле ауданы Өтеген батыр кентіндегі №7 орта мектебі таңдап алынды. Өйткені, осы мектепте құқық қорғау бағытын негізге алған алғашқы кадет сыныбы ашылған болатын. Яғни, еліміздегі «Жас полиция» қозғалысының бастау алған жері. Іс-шарада балалар бір-бірімен кездесті, әртүрлі бағытта өз өнерлерін ортаға салды. Кадет қозғалысын дамыту бойынша ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Жалпы айтқанда, ортақ мүдде аясында жақынырақ танысты»,- деп хабарлайды Алматы облысы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, облыстық слетке шекара әскері желісі бойынша білім алатын Іле ауданының №38 мектебінің кадеттері де қатысты. Іс-шара барысында слетке келген кадеттер қару-жарақты бөлшектеу және оны қайта құрастыру, саптық әндерді орындау, саптық дайындық бойынша өз білгендерімен тәнті етсе, соңында көрермендерге ән мен күйден шашу шашты.
Айта кетейік, биыл Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Қалмұхамбет Қасымов Іле ауданының кадеттерін қабылдап, кадет қозғалысына оң пікір білдірді және тәлім алушылардың дағдысы мен дайындығына өте жоғары баға берді.
«Жас полиция» жобасы тиісті нәтижесін берді. Білім алушылардың үлгерімі мен қызығушылығы артып, тәртібі жақсарды. Дене бітімінің дұрыс қалыптасуымен қатар, еліміздің шынайы патриоты болуына ықпал ететін сыныпқа қазіргі таңда ата—аналар тарапынан сұраныс артып келеді. осыған орай, облысымыздың басқа аудандарында да кадет сыныптарын ашу жоспарымызда бар. Ең алдымен, Үшарал және Қапшағай қалаларында ашылуы мүмкін»,- деп ведомствоның Баспасөз қызметі атап өтті.
Бұл сынып құқық қорғау бағытындағы алғашқы кадет сыныбы болатын
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!