Бірге барайық: Табиғи терапия
Кез келген қаладан табуға болатын терапия туралы айтқымыз келеді. Ал ауылдағылар бұл ғажаптың шапағатын, рақатын күнделікті көріп отырған да болар. Дегенмен, артық болмас.
«The Times» газеті жариялаған «Олимпиададағы 100 керемет сәттер» (https://www.thetimes.co.uk/article/100-greatest-olympic-moments-rider-blazes-trail-for-polio-victims-m55km662rfb) атты мақалада 1952 жылғы Олимпиадалық ойында атқа мініп жарысудан күміс медаль иеленген даниялық Лиз Хартел (Lis Hartel) жайында жазады.
Бірақ мені елең еткізгені – сал ауруына шалдыққан қыз. Лиз 23 жасында кенеттен қос аяғы істемей, арбаға таңылған. Иә, дәл сол сал ауруына шалдыққан қыз жеті жылды артқа тастап, 31-інде әлемнің жүйріктері жиылған жарыста жүлдегер болған. Бұл қалай дерсіз? Оның адал дәрігері Элизабет Бодикер медициналық емдеу толық нәтиже бермегендіктен басқа жолын іздеп, 9 жыл бойы атқа мінгізіп эксперимент жасайды. Оның жеңісі – күміс медаль. Бұған бәрі таңғалады, дүниені дүр сілкіндірген осы оқиғадан кейін атқа мінгізу арнайы терапия түріне айналады.
1953 жылы алғаш рет Норвегияда мүгедек балаларға арналған атқа мінгізіп емдейтін орталық ашылды. Артынша әлемнің түрлі елдерінде іске қосыла бастады. Қазір АҚШ-та 1000, ал Ұлыбританияда 700 орталық жұмыс істейді. Франция тіпті осы терапия мамандарын дайындауды қолға алған.
Атқа мінуге қайда баруға болады? Барлық қалада ипподром болуы керек. Өз қалаңыздан сондай орынды тауып алыңыз, ондағы аттар арнайы үйретілген, сондай-ақ көмектесетін мамандар да жаныңыздан табылады. Алғашқы мінушілерге асау аттардан алшақ болған дұрыс. Ал астаналықтар үшін төменде ипподромдар тізімін ұсына кеткіміз келеді:
«Тұлпар» ат-спорт кешені, Еңлік-Кебек көшесі, 22;
«Қазанат» ипподромы, Рождество тас жолы, 1;
«Құлагер» спорт кешені, Жағажай 59.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Дереккөз: http://egemen.kz/