Алматы облысында «Салбурын – 2019» құсбегілер сайысы өтті
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласының аясында ашылған сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 25 кәніг аңшы жиналып, ит жүгіртіп, құс салды. «Жетісу», «Алтай», «Арқа», «Еренқабырға», «Тарбағатай» атауымен 5 топқа бөлінген саятшылар өзара додаға түсті. Екі күнге созылған сайыста байырғы аңшылардың қыран құсты баптау мен тазы итті аң алуға үйретуге қатысты тағылымды әңгімелері шертіліп, аңшылар қосында ас дайындау сияқты ежелгі дәстүрлерге кезек берілді. Ал құс салып, ит жүгүгіртіп аңға шығудың қызығы тіптеп керемет болды. Сайыстың екінші күні тау арасынан аң қағу бойынша өткен командалық жарыста «Арқаның» тобы 1 түлкі, 1 қоян ауласа, «Жетісу» тобы 3 қоян, мен 3 қырғауыл ұстап олжалы қайтты.
Жеңімпаздарға «Қыран» федерациясының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызы арнайы жүлде табыс етті. «Салбурын-2019» сайысына қатысып, жас буынға мағыналы әгіме айтып, дәстүрлі өнерден дәріс берген байырғы бүркітшілер Мағазыл Мәжікен, Мұрат Ұзақов, Түсей Әбдікері ақсақалдардың иығына шапан жауып, ілтипат танытты. Ал сайыстың биылғы жеңімпазы «Жетісу» командасы болды. Ол топқа арнайы кубок табысталды. жеңімпаз деп танылып, кубок табысталды. Екінші орын «Арқа» командасына, үшінші орын «Алтай» тобына бұйырды.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/