Елбасы әкімдермен кеңес өткізді

0

Қазақстан Президенті халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру мемлекеттің негізгі міндеті саналатынын айтты.

– Ең бастысы, әлеуметтік мәселелер, ком­муналдық қызметке қатысты тарифтер, аса қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмек баға­сы. Мұның бәрін сіздер айрықша бақылауда ұс­­тау­ларыңыз керек, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев жылу беру маусы­мы аяқталғанға дейін тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылық нысандарының үздіксіз жұ­­мыс істеуін қамтамасыз ету, сондай-ақ күн­нің жылынуына байланысты су тасқыны қау­пі­нің алдын алу мәселелеріне арнайы тоқ­талды.

– Былтыр апатты жағдайлар көп болды, биыл оның қайталануына жол бермеу керек. Та­биғаттың қауіп-қатерлеріне қарсы шұғыл әрекет етіп, алдын ала тиісті шаралар қа­былдау қажет. Шығыс Қазақстан облысы­ның Үржар ауданында 800-дей адам мен 280 автокөлік қар құрсауында қалып қой­ған. Біз адамдарды қауіпті жағдайда қал­дыр­мауымыз керек. Төтенше жағдайлардың салдарын жою, оның алдын алуға қарағанда, бірнеше есе қымбатқа түседі, – деді Елбасы.

Сонымен қатар Президент аза­маттардың арыздары мен өтініштерін өза­ра іс-қимылдың «кедергісіз» форматын қалып­тастыру арқылы шұғыл қарастыру қажет екенін айтты.

Мемлекет басшысы еліміздегі оң өзгерістердің басты қозғаушы күші саналатын белсенді жастармен жұмыс жүргізу қажеттігіне назар аударды.

– Мен жақында жастармен кездестім. Өңірлеріңізде талапты жас азаматтар бар. Егер бір рет болса да олардың басын қосып, әңгі­мелессеңіздер, көптеген маңызды ұсы­ныс­­тар естисіздер. Қоғамның осындай бел­сен­­ді өкілдерін жұмысқа тартып, оларды өзге­­лер­ге үлгі ету керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы өңірлердегі азаматтардың же­ке қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қам­та­масыз ету ісіне облыстардың және рес­пуб­ликалық маңызы бар қалалардың әкімдері жауап беретінін айтты.

– Біз құқық қорғау жүйесін рефор­ма­лау­ға кірістік. Сіздерге полиция депар­та­мент­терінің бастықтарын тағайындап, қоғам­дық тәртіпті сақтау және құқық бұзушы­лық­тың алдын алу жөнінде міндеттер белгі­леу құқығын бердік. Сіздер жергілікті жер­лер­дегі тәртіп үшін солармен бірдей жауап бересіздер, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы көктемгі дала жұ­мыс­тарын техникамен, тұқыммен, тыңайт­қышпен және жанар-жағармаймен уақтылы қамтамасыз ету, сондай-ақ бірқатар ірі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің қарызына қатысты мәселелерді шешу қажеттігіне арнайы тоқталды.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Прези­дент Әкімшілігіне бүгін жүктелген барлық мін­деттердің іске асырылуын бақылауға алуды тапсырды.

Дереккөз: http://egemen.kz/