Жүк көліктерінің қозғалысы шектеледі
Бұған Ж.Қасымбек депутаттар тарапынан бөлінетін жүктерді бөлшектеп тасу туралы ұсыныс жасалғандығын айтты.
Осы мезетте министрдің сөзін бөлген Мәжіліс Төрағасы бұл мәселенің өте маңызды екендігін атап өтті.
– Біз жыл сайын жол салу және жөндеу жұмыстарына миллиардтаған қаржы жұмсап отырмыз. Біраз қаражатты халықаралық қаржы институттарынан қарызға аламыз. Сол үшін үстеме пайыз төлейміз. Ал ауыр жүк көліктеріне келгенде өз жолдарымызбен жүруге рұқсатты оп-оңай бере саламыз. Ақша төленсе болды, Көліктік бақылау қызметі рұқсатын береді. Кейін Еуропа елдеріндегі жолдардың сапалы екендігіне, ал біздің жолдардың тез бұзылатынына таң қалып жатамыз. Өйткені, ол жақта жүк тасымалдайтын ауыр көліктердің қозғалысына оңайшылықпен рұқсат берілмейді. Оның өзінде бөлінбейтін жүкті тасымалдауға ғана рұқсат етіледі, – деді Н.Нығматулин.
Мәжіліс Төрағасының айтуынша, бұндай талап көршілес Ресей мен Қырғызстанда енгізілген. Сондықтан да ауыр жүктерді бөліп тасымалдау тәртібін ұсынған депутаттардың ұсыныстарын қабылдануы қажет.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек бұл ұсынысты толығымен қолдайтынын жеткізді.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazagstan»
Дереккөз: http://egemen.kz/