«Зекет» қоры қайырымдылыққа 160 млн теңге жұмсады

0

Астана. 24 қаңтар. KAZISLAM – «Зекет» қоры бір жылда 25 мың отбасыға көмек көрсетіп, 160 млн. теңге қаражатты қайырымдылыққа жұмсаған. Бұл туралы Астанада ҚМДБ наиб мүфтиі Бауыржан қажы Әбдірашұлының төрағалығымен өткен ҚМДБ «Зекет» қорының алқалы мәжілісінде мәлім болды.

Басқосуға қордың директоры Талғат Омаров, аймақтағы өкілдері қатысты. Кездесуде Талғат Сейіткәрімұлы «Зекет» қорының 2018 жылы атқарған жұмыстары жайлы баяндады.

Айта кетсек, 2011 жылы ашылған ҚМДБ «Зекет» қоры – жеке және заңды тұлғалардың зекеттері мен садақаларын қабылдап, оны шариғат үкімдеріне сай үлестіретін коммерциялық емес ұйым. Қордың құрылтайшысы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. Мақсаты – көмекке аса зәру жеке тұлғаларды әлеуметтік қолдау, Исламның лайықты түрде насихатталуына қаржылай қолдау көрсету, т.б.

«Зекет» корпоративтік қайырымдылық қоры 2018 жылы республика бойынша 25 мың жанұяға қайырымдылық көмек көрсетті.

Сондай-ақ, 5 мыңға жуық әлеуметтік аз қамтылған балаларды мектепке қажетті құрал-жабдықтармен, киім-кешекпен қамтамасыз етті. Мүгедек балалардың ем-домына қаражат бөлді. Өткен жылы «Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында баспанаға аса зәру 9 отбасына пәтер берілді. 1 жылда қайырымдылық бағытында 160 млн. теңге қаражат жұмсалды.

Қайырымдылық бағытындағы жасалған игі іс-шаралардың есебін тыңдаған наиб мүфти Б.Есмахан атқарылған ауқымды жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы уақытта жүзеге асуы тиіс жобаларды жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.








Дереккөз: http://kazislam.kz/