Ғылыми гранттарды бөлгенде заң бұзылған
Қазақстанда ғылымға грант бөлгенде заң бұзылған. Бұл туралы 18 қаңтарда Астанада өткен жиында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов айтты.
Агенттік өкілі нақты қандай мекеменің немесе ғылыми грант алған жобалардың тексеріліп жатқанын ашық айтпады. Бектеновтің сөзінше, ғылыми жобалар ашық және әділ қаржыландырылуы тиіс.
Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Данияр Сабырбаев «Ұлттық ғылыми кеңестердің қазіргі құрамы заңсыз және олардың шешімдері бойынша бюджет қаражатын бөлудің заңдылығы күмән тудырады» деді.
Былтыр сәуірде Азаттыққа сұхбат берген кейбір ғалымдар ғылымға бөлінетін гранттардың қаражаты аз екенін, министрлік жоспарда көрсетілген ақшаны екі есе қысқартып тастайтынын айтқан.
Қазақстанда ғылыми жобаларды грант негізінде қаржыландыру көлемі соңғы жылдары азайып барады. Мәселен, 2015 жылы — 16,8 миллиард теңге, 2016 жылы — 14,8 миллиард теңге, 2017 жылы 10,7 миллиард теңге бөлінген.
Дереккөз: Азаттық