«Сауықтыру — шынықтыру шаралары»
«Сауықтыру — шынықтыру шаралары»
Автор: Рахманбекова Ляззат Куралбаевна
Бағыты: Балабақша Бөлімі: Баяндамалар, реферат Сыныбы: Мектепке дейінгі балалар
Жарияланған уақыты: 2019-01-14
Материал туралы қысқаша түсінік
Тәрбиешілерге
Сауықтыру-шынықтыру шараларыЖас ұрпақты жан – жақты дамыған, ой — өрісі биік, тұлғасы сымбатты азамат етіп өсіру үшін тәрбие жүйесінде дене тәрбиесінің алар орны орасан зор. Ал оны неғұрлым ерте кезінен бастап, дұрыс жолға қойып жүргізсе, соғұрлым нәтижесі жемісті болатыны анық. Өйткені болашақ азаматтың денсаулығы мықты, мүсін тұлғасы дұрыс қалыптасқан, жігерлі де қайратты болып өсуіне, көпшілдік дағдыларын бойына терең сіңіруіне нақ осы мектепке дейінгі кезеңде тереңірек көңіл бөлінсе, дұрыс негіз қаланады. Қазақтың кемеңгер ақыны, дене тәрбиесіне зор көңіл бөлген Мағжан Жұмабаев: «Дене тәрбиесіне жеңіл қарауға болмайды. Дене жанның қабы. Қап берік болса ішіндегі заты берік болмақ. Дене жанның құралы. Құралы мықты болса иесі де мықты. Сау жан – сау денеде ғана болады» — деген. Сондықтан да бүлдіршіндер ағзасының қызметін жетілдіру, денсаулығын жақсарту, жүйкенің жұмысын дұрыс қалыптастырып, ширақ, жігерлі, икемді, сымбатты етіп өсіру, міне, осының барлығын ғылыми негізде тәрбиенің басқа түрлерімен ұштастыра жүргізу – балабақшалардың негізгі мақсаты мен алға қойған үлкен міндетінің бірі. Бала денсаулығының мықты болып , қозғалыс,дене құрылысының дұрыс жетілуі мектеп жасына дейінгі кезеңде қалыптасады. Сондықтан , бала ағзасының қызметін жетілдіру қабілетін арттыру осы кездегі ең басты міндет болып табылады. Бұл міндеттердің маңыздылығы мынада; ағзаның қорғаныс қабілеті нашар қалыптасқан кішкентай балалар сыртқы ортаның қолайсыз әсерлеріне тез ұшырайды.Сондықтан сүйектің, буынның дұрыс әрі өз мерзімінде жетілуіне, бел омыртқаның физиологиялық иіндерінің қалыптасуына, табан дөңістерінің дұрыс жетілуіне, тыныс алудың тереңдігі мен ырғақтылығы тыныс алуды қозғалыспен үйлестіруге мүмкіндік жасап, үнемі ықпал ету қажет. Сондай-ақ,баланың қозғалысын жетілдіру, қимылдық дағдыларын және дененің икемділігін, шапшандық, күштілік төзімділік сияқты қасиеттерін қалыптастыруға, тұрмыста және дене тәрбиесі сабақтарында қажетті жеке және қоғамдық гигена дағдыларын дамытуға баса назар аударылады. Жаңа стандарт негізінде мектеп жасына дейінгі баланы шынықтыру-сауықтыру шаралары «Денсаулық» білім беру саласында көрсетілген.«Денсаулық» білім беру саласының мақсаты: өз денсаулығына саналы көзқарасын тәрбиелеу,денсаулықтың адамға берген басты құндылығы екенін түсіндіру, қозғалыс белсенділігін дамыту және физиологиялық қасиеттерін қалыптастыру.«Денсаулық» білім беру саласы: дене шынықтыру,қауіпсіз мінез-құлық негіздері, валеология бөлімдерінен тұрады. Осыған орай жылдық жоспарға балалардың салауатты өмір салтын сақтау және әр баланың ерекшелігіне қарай дене дамуын қалыптастыруға сауықтыру шаралары қаралған,олар: таза ауада дене шынықтыру,ертеңгілік жаттығулар,спорттық ойын-сауықтар,серуен,серуендегі қимылды ойындар, сергіту сәттері,ұйқыдан кейінгі гимнастика,массаж, жалаң аяқ жүру,су процедуралары.Біздің «Үміт» бөбектер үйінде нәрестені алғашқы күннен бастап шынықтыруға үйретеміз. Шынықтыру әр түрлі аурулардан сақтайды. Сәбидің денесі тез ысып, тез салқындайды. Шынықтыруда қолданатын үш түрлі әдісі бар. Ауа арқылы шынықтыру: Баланы таза ауамен шынықтырғанда өте мұқият қарау керек. Ауа ваннасын дұрыс қолдана білу балаға өте пайдалы және оның денсаулығына зиян келтірмейді. Сәбиді шынықтыруды үйдегі ауа ваннасынан бастайды, онда сәби үшін оптимальді температура 20 – 22 оС болуы тиіс. Шынықтыру үшін ауа, күн, су – осы үшеуін толық пайдаланамыз. Баланы жөргектегенде 1 – 2 минут жалаңаш жату үшін жаялықты асықпай алмастыру керек. Мұның өзі ауа ваннасына біртіндеп бастамасы болып табылады. Жылдың суық кезінде ауа ваннасын бөлмеде, ал жылы уақытта сыртта жасауға болады.Сондықтан оның терісін ауа температурасының өзгеріс құбылысына біртіндеп үйретеді. Баланы күніне 2 – 3 рет алдымен 1 – 2 минутқа, кейін 3 – 5 минутқа жалаңаш жатқызу керек. Ауа ваннасын біртіндеп күніне жарты сағатқа дейін созады. Тиісті жаттықтырудан кейін ауа ваннасының температурасын 20 – 18 оС – қа дейін азайтуға болады. Әлсіз баланың денесін біртіндеп жалаңаштайды ; алдымен қолын, аяғын одан кейін беліне дейін, ақырында мүлдем шешіндіріп жалаңаш қалдырады. Ауа ванналары организмді жаттықтырып, терінің тыныс алуын жақсартады және жүке жүйесіне қолайлы әсер етеді. Құрғақ ысқылау: 3 – 4 айдан кейін баланың денесін үйретіп алу керек. Ол үшін процедураны бастамастан 1.5 – 2 апта бұрын фюнельмен немесе жүн матамен құрғақтап баланың денесі қызарғанша сүртеді. Сүрту процессін түкті матадан тігілген, суланған биялаймен жасау керек. Алдымен қолын,кеудесі мен ішін,арқасын,бөксесі және аяқтарын ысқылайды. Денесінің суланған жерлерін түкті орамалмен ақырындап қызарғанша сүртеді. Денесінің басқа жерін жаялықпен жауып қою керек. Баланың денесін ысқылауға арналған суға ас тұзын ( 1 стакан суға 1 ас қасық) қосқан пайдалы. Алғашқыда судың температурасы 35 – 36 оС , 5 – 7 күннен кейін 32 – 33 оС , содан кейін әр ай сайын 1 градус төмендетіліп 30 оС жеткізіледі. Денені ысқылауды таңертеңгі ұйқыдан тұрғаннан кейін 5 – 6 минут жасаған жөн. Бөлме ауасының температурасы әрдайым 20 – 22 оС болуы керек. Шынықтыруда үзіліс болса, оны кейін жалғастыруға болады, бірақ үзіліс 3 – 5 күнге созылса, онда судың температурасын бастапқыдан 2 – 3оС жылырақ болуы тиіс. Су процедурасы – дұрыс ұйымдастырған жағдайда барлық гигиеналық процедуралардың: баланың қолын, аяғын, бетін, денесін жуудың – шынықтырғыш әсері болады. Сәби баланың организімін сумен ысқылап дайын ету үшін күн сайын құрғақ ысқылау жасаған дұрыс. Баланың денесі таза фланельмен немесе жұмсақ матамен сәл қызарғанға дейін ысқыланады. 2 – 3 апта бойы құрғақ ысқылаудан кейін ылғалды ысқылауға кірісуге болады. Сәби баланы сумен ысқылаудан өте абай болу керек. Бұл процедураны таңертең ұйқыдан тұрғанда немесе екінші ұйқыдан кейін өткізген дұрыс. Ысқылау үшін қолданатын судың бастапқы температурасы бір градус төмендеп отырады, оны 25 – 22 оС жеткізеді. Ысқылау жақсы сіңіретін қолғаппен жүргізіледі. Топта қанша бала болса сонша қолғап болу қажет. Ысқылау алдында қолғап су құйылған шылапшынға салып қойылады. Пайдаланғаннан кейін қолғапты қайнатып кептіреді. Ысқылау белгілі бір жүйемен жүргізіледі. Әуелі қолы саусақтардан бастап иыққа қарай содан соң кеудесі мен іші ысқыланады. Баланы етпетімен жатқызып қойып арқасын, бөксесін және аяқтарын ысқылайды. Ысқылап болған соң құрғақ сүртеді содан кейін құрғақ орамалмен сәл денесі қызарғанға дейін ысқылайды содан кейін киімін кигізеді. Таңертеңгілік жаттығу балаларды ақыл – ой адамгершілік, еңбек және эстетикалық жағынан тәрбиелеу жұмысын жүзеге асыруға, олардың сергек, шат көңілді және күні бойы белсенді болуларына ықпал етуі тиіс. Таңертеңгі жаттығу балаларды сауықтыру мен тәрбиелеудегі бағалы құрал болып табылады. Таңертеңгі жаттығумен жүйелі айналысушыларда ұйқышылдық жоғалады, эмоционалдық өрлеу басталады, ең қабілеттілігі артады, балаларды тәртіптендіреді. Сөйтіп таңертеңгі жаттығу жасау алдында мүлде ерекше міндеттер қойылмайды, атап айтқанда: бала организмін «ояту», оны әрекетшіл қалыпқа келтіру, жан — жақтылыққа, бірақ бұлшық ет жүйесіне жайлап ықпал ететіндей, организмнің жүрек, тынысы және басқа функцияларының қызметін белсендіру, ішкі органдар мен сезім органдарының жұмысын стимулдау, тұлғаның дұрыс, жүрістің жақсы қалыптасуына ықпал ету, табанның қисайып кетпеуін болдырмау. Егер балалар күн сайын таңертең дене жаттығуын жасауға дағдыланса және мүдделі болса, ертеңгілік жаттығу сонысымен құнды. Осындай пайдалы әдет адамда өмір бойында сақталады. Таңертеңгі жаттығу балалар бақшасында күнді ұйымдасқан түрде бастауға мүмкіндік береді, күн кестесін дәл орындауға ықпал етеді. Бір уақыттың ішінде бірге жүргізілген бірқалыпты қимыл қызметінде жүгіріп, секіріп, үлгеріп, алып ұшқан балалар тынышталады, ал белсенділігі төмендері белсенділенеді. Таңертеңгі жаттығу жылдың жылы мезгілдерінде алаңда, ал суық кездерде залда өткізіледі. Белгілі бір тәртіппен іріктелінген дене жаттығуларының үйлесуі комплекс деп аталады. Бір ғана комплекстің өзі 2 апта бойы қайталанады. Егер комплекстің жекелеген жаттығулары тым қарапайым болса, балаларды қызықтырмаса немесе жалықтырса онда ол тәрбиешінің қалауына қарай күрделеніңкіруі мүмкін. Шынықтыру шараларының негізгі принципі – оны баланың сау кезінде бастау, шынықтыру әсерін біртіндеп ұлғайту, оларды жүйелі түрде және бірінен кейін бірін жасау. Әрине, баланың жасы, жеке ерекшеліктері, оның әсері де ескеріледі. Ертеңгілік жаттығулардың пайдасы бәрімізге де белгілі , ертеңгі қимыл қозғалыстың үйлесімділігін баланың физикалық дамуына әсер ететін көптеген табиғи факторлар бар. Солардың бірі-серуен. Ауада серуендеу баланың денсаулығы үшін өте маңызды. Бала таза ауада көп болса оның ағзасы оттегіні жай жүргендегіге қарағанда көп сіңіреді. Ширақ қозғалыста болады, адымдай жүреді,аласа бұтақтан секіреді, сөйлегенде, жүгіргенде қол мен аяқтың қимылын қатар алып икемделеді. Ол үшін қимылды ойындар жақсы. Бала үшін серуенді қызықты ұйымдастыру керек. Жай ғана денсаулықты күшейтіп қоймайды, айналадағы құбылыстарды бақылап, көзқарасы қалыптасады. Ойынды таңдай отырып, жыл мезгілін, ауа райын да ескеуіміз керек. Қыс мезгіліндегі ойындар өте пайдалы, соның өзінде ойын қозғалыстарымен, жаттығулары демалыспен кезектесуі керек. Ыссы ауа- райында ойындар жай қозғалыста болғаны жөн. Ойын қызығымен бала шаршағанын аңғармайды.Сондықтан ойын кезінде баланың денесін дұрыс ұстауын, аяғын түзу басуын қадағалаған дұрыс. Қысқы ойындарда бала шанамен ойнағанды, қар ұстап ойнағанды жақсы көреді. Жаз , күз мезгілінде саябаққа барғанды ұнатады: жапырақ жинау, маусымдық киіммен ,мысалы, аяғында ботинка, үстінде күртемен жүгіру қимылды қиындатары белгілі, бірақ ойын баласы оны жеңуге ұмтылады. Бала бойында осылай қимыл қозғалыста төзімділік, ептілік, ширақ қимыл дамиды. Бұлардың барлығы да денені шынықтыруға жатады. Ауа райы қандай болса да таза ауда болу пайдалы. Күнделікті шынықтырудың бір түрі — суды ағызып, қолын шынтаққа дейін жуу. Сумен шынықтыру бөлме температурасы +22°С болғанда жалпы немесе жергілікті шаралар түрінде жүргізіледі.— беліне дейін және бүкіл денесін дымқыл шүберекпен сүрту. Судың температурасын +36°С бастап +28°С жеткенге дейін біртіндеп төмендету (4-5 күн сайын 2 градусқа төмен). Сүртінуде су температурасын +35°С бастап +23°С дейін (4 күн сайын 2 градусқа төмен) жеткізу.— қарама-қарсы температурадағы жылы, салқын су құю: су температурасы +36°С бастап +25°С дейін, соңында +38°С бастап +18°С дейін . Балаларға шынықтыру әдісін бастағанда судың температурасын 36 С градустан бастап екі күн сайын біртіндеп жоғарылата отырып 40 С градусқа жеткізеді. Екінші шелектегі судың температурасын керісінше 25 С градустан бастап 18 С градусқа дейін төмендетеміз. Суды құйғанда бірінші жылы су, сосын салқын сумен алма – кезек құя отырып жылы сумен аяқтаймыз.Жаз мезгілінде құйынуды түскі ұйқыға жатар алдында өткіземіз. Бұл процедураны өткізу кезінде баланың денсаулығын, көңіл – күйін мұқият қадағалау керек. Құйыну әдісін бірінші баланың аяғынан бастайды.Жаз мезгілінде бүкіл режимдік кезеңдер мүмкіндігінше таза ауада ұйымдастырылады. Қорыта айтқанда , сауықтыру – шынықтыру шараларын дұрыс ұйымдастыру, балалардың денсаулығын жақсартып, жүйке жұмысын дұрыс қалыптастырып, ширақ, икемлі, жігерлі, сымбатты болып өсуіне зор ықпал етеді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай: — «Тәуелсіз ел тірегі- білімді ұрпақ, дені сау, жан-жақты дамыған салауатты ұрпақ». Сондықтан, ұрпағымыздың болашағы жарқын да кемел болуына ат салысып, дені сау, шыныққан бүлдіршіндер тәрбиелей берейік.
Материалды сайттан тегін жүктеу
Жүктеу
Материал ұнаса парақшаңызға сақтап қойыңыз!
Өз пікіріңізді қалдыру үшін тіркелу қажет.