Еуропа соты: Әзербайжан Исмаиловаға өтемақы төлесін

0

Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты Әзербайжан билігін әзербайжандық зерттеуші журналист Хадиджа Исмаиловаға оны қаралау науқанын жүргізгені үшін моральдық шығын төлеуге міндеттеді.

10 қаңтарда шығарылған сот шешімінде «Исмаилованың жеке өміріне өрескел түрде қол сұғуға мемлекет кінәлі деген күдік қисынды болғанымен, оны дәлелдеу мүмкін болмағаны» айтылған.

Бірақ сот Әзербайжан Еуропаның Адам құқықтары жөніндегі конвенциясына қосылған ел ретінде «Исмаилованың ар-намысын аяққа таптау актісін тергеу және оның өз ой-пікірін еркін білдіру құқығын қорғау міндетін атқара алмағанын» айтады. Сот Әзербайжанды Исмаиловаға моральдық өтемақы ретінде 17 мың 300 доллар және сот шығыны ретінде 2 мың доллар төлеуге міндеттеді.

Азаттықтың Әзербайжан қызметінің бұрынғы журналисі Хадиджа Исмаилова 2012 жылы Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев үкіметіндегі сыбайлас жемқорлық фактілері туралы зерттеу жүргізген. Осыдан кейін Исмаиловаға зерттеуін тоқтатуды талап етіп, қоқан-лоқы көрсетіп, ескерту жасаған. Ескерту хатында Исмаилованың пәтерінде жасырын түсірілген «жыныстық қатынас» видеосынан алынған скриншот та болған. Бұдан соң Исмаилова Бакудегі пәтеріне арнайы қызмет бейнебақылау құрылғыларын орнатқанын әшкерелегенін айтып, зерттеуін тоқтатпайтынын мәлімдеген.

Оқи отырыңыз: Билік Исмаилованың үнін шығарғысы келмейді

Исмаилованың бұл мәлімдемесінен кейін интернетте журналистің пәтерінде жасырын түсірілген «жыныстық қатынас» видеосы жарияланып кеткен.

Хадиджа Исмаилова кейін Әзербайжан құқық органдары өзінің жеке өміріне қол сұғу фактісі бойынша арызын дұрыс қарамай жатыр деп, Еуропаның адам құқығы жөніндегі сотына шағымданған.

Әзербайжандағы танымал журналистің бірі – Хадиджа Исмаилова биліктегі сыбайлас жемқорлықты зерттегені үшін талай мәрте қудалауға түсті, қоқан-лоқы көрді, оның елден шығуына тыйым салынды. Ол саяси астары бар деп танылған іс бойынша 17 ай түрмеге де отырып шықты.

Дереккөз: Азаттық