Елордада мектептерге азық-түлік жеткізушілермен келісім шарт ұзартылмайды

0

Астана, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылдан бастап мектеп асханаларын азық-түлікпен қамтамасыз ететін бірқатар тасымалдаушымен келісім шарт ұзартылмайды. Бұл туралы Астана қаласының білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин мәлім етті.

Оның айтуынша, қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мен ведомствоаралық сараптама тобы тиісті тексеру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 14 мектепте тасымалдаушылармен келісімшартты ұзартпау туралы шешімге келген.

«Жақында жаңа тасымалдаушыларды анықтау үшін конкурс өткізіледі. Осындай жұмыстар тағы 27 мектепте жүргізіліп жатыр. Қоғамдық денсаулық сақтау департаментімен бірге тексерулер жүргізіліп, ол мектептерге бірқатар ескерту жасалды. Енді ол білім беру мекемелеріне қатысты қазірдің өзінде тасымалдаушылармен келісім-шарттарды ұзартпау туралы шешім қабылданғалы жатыр. Ол мектептер жаңа жылдан бастап жаңа тасымаулдаушыларды іздейді», — дейді Әнуар Жанғозин Астана әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте.

Осы орайда ол мектеп асханаларын тексеру жұмыстары ең алдымен, ата-аналар кеңесі мен қала тұрғындарының қолдауымен жүзеге асырылғанын жеткізді. Нәтижесінде құқық бұзушылықтар анықталып, қалалық басқарма қандай бағытта жұмыс істеу керектігін айқындаған.

«Азық-түлік өнімдерін тасымалдаушыларды анықтау жұмысын реттейтін ҚР Білім және ғылым министрлігінің №717 бұйрығына өзгерістер енгізілді. Жақын арада ол бұйрықтың ресми түрде жариялануын күтіп отырмыз. Жаңартылған тәртіп бойынша, біз бұрынғыдай әр мектеп және әр директор бөлек-бөлек конкурс жариялаған амал-әдістен бас тарттық. Жаңа ережелерге сәйкес, байқау орталықтандырылған тәртіпте жарияланады. Яғни, бірнеше мектепті лоттарға біріктіруге болады. Нәтижесінде бәсекеге қабілетті тасымалдаушылар айқындалады. Жаңа ережелер сондай-ақ МЖӘ арқылы бәсекелестікті жүзеге асыру мүмкіндігін белгіледі. Кейінірек осы мектептер үшін балаларды тамақтандыру орталықтандырылған тамақ комбинаты арқылы жүзеге асырылады », — деді департамент басшысы.

Айта кетейік, осыған дейін Астана мектептерінде ас мәзірі өзгеретінін хабарлағанбыз.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ