Ажарлы Анкара, шырайлы Стамбұл | «Айқын» газеті
Желтоқсан айының 11-16 күндері Түркияда қазақ журналистерінің форумы өтті. Қазақстанның медиа делегациясы Анкара мен Стамбұл қалаларындағы бірқатар мәдени орындармен танысып қайттық. Сапарымызға ТІКА ұйымы және Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мұрындық болды.
Екі ел ынтымақтастығының іргесін қалап, игілікті жұмыс істеп келе жатқан компания құрылған күнінен бері басым бағыттар аясында Қазақстанда экономика, сауда, мәдениет, өнер, ғылым, техника, білім және денсаулық сақтау салаларында әлеуметтік, қоғамдық маңызы зор ауқымды жобаларды іске асырып келеді.
Бес күнге жоспарланған сапарымыз тығыз бағдарлама аясында өтті. Сапар барысында байқағанымыз, Түркияның біз танысқан компания, кәсіпорындарының барлығы әлемдік нарықта табысты қызмет етуде. Заманауи стандарттар мен талаптар негізінде жұмыс жасап келе жатқан орталықтардың жұмысы бұл елде өте жақсы дамыған.
Сыртқы істер министрлігінің қызмет ауқымымен танысу барысында министрліктің атқарған жұмыстарына қанық болдық. 1992 жылы 2 наурызда Қазақстандық елшілік ашылды. Сонымен қатар мұнда 70 ел визасыз келу мүмкіндігіне ие болған. Берік ынтымақтастықтың нәтижесінде 25 жыл ішінде Түркия еліміздің тек құрылыс саласына 23 миллиард доллар инвестиция құйыпты. Одан бөлек ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен, фармацевтика сынды сан саладағы бірлескен жобалар екі мемлекет үшін де тиімді нәтижесін берген. Алдағы екі-үш жылда бұл бағыттағы серіктестік байланыстар одан ары қарқын алады деп көзделіп отыр.
Министрліктен шыға салысымен «Анадолу» агенттігіне келдік. Мұнда да бағдарлама бойынша бірқатар маңызды нысандардың жұмысымен таныс болдық. Президенттік мәжіліс залында қазақ-түрік журналистерімен басқосу өтті. Одан кейін Қазақстан Республикасы елшілігінің қабылдауында болып, елшіліктің қызмет барысымен егжей-тегжейлі таныстық.
Сәрсенбінің сәтті күнінде Түркия президенті аппаратының Байланыс әкімшілігіне бардық. Сол күні кешкісін Түркияда Қазақстанның мемлекеттік Тәуелсіздік күні аталып өтті. Қазақстан елшілігінің ұйытқы болуымен Анкарада шымылдығын түрген мерекелік қабылдау халқымыздың бай мәдениеті мен дәстүрінен сыр шертетін керемет кешке ұласты. Меймандар қазақтың халық әндерімен сусындап, ұлттық тағамдардан дәм татты.
Түрік Республикасы президенті Аппаратының және Түркия Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, дипломатиялық корпустың алғашқы тұлғалары, көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері, танымал мәдениет, өнер және ғылым қайраткерлері, ұзын саны 600-ден астам адамның қатысуымен өткен салтанатты қабылдау еліміздің Әнұранымен ашылды. Түркия президентінің бас кеңесшісі Ялчин Топчу бастаған саясаткерлер мен әр саланың көш басында жүрген зиялы қауым өкілдері барша отандастарымызды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында тарихы тамырлас елдердің дипломатиялық қарым-қатынасы жыл өткен сайын өрістеп келе жатқанын жеткізді.
Ялчин Топчудың айтуынша, қазір Қазақстан мен Түркия қарым-қатынасы екі көшбасшының, қос Астананың байланысы қарқынды түрде дамып келеді. Сирия мәселесі бойынша Астана процесі қаншалықты нәтижелі болып жатқанына әлем куә. Бұл Қазақстанның әлемдік саясаттағы биік бітімгерлік беделін көрсетеді дейді ол. Сондай-ақ түрік зиялылары Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы Қазақстан үшін ғана емес, бүтін түркі дүниесі үшін тарих тамырына қан жүгіртетін серпінді бастама деп санайды.
– Екі мемлекет арасындағы саяси байланыс өте жоғары деңгейде деп айта аламыз. Бұл жоғары деңгейдегі ынтымақтастықтың ең маңызды рөлі Елбасыға тиесілі. Елбасымыздың түркі жұрты ішіндегі Түркияның саяси-қоғамдық тобының арасындағы беделі аса жоғары. Мұны тек Үкімет мүшелері немесе жоғары лауазымды тұлғалар ғана емес қарапайым халықтан сұрасаңыз да, бірінші кезекте, айтатыны Елбасымыздың түркі әлеміндегі рөлі, оның ішінде соңғы жылдардағы Қазақстан халқы үшін ғана емес, түркі әлемі үшін жасаған игі бастамалары дәлел. Бұл ретте Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін, Халықаралық Түркі академиясын айрықша атаған жөн. Түркияның алдыңғы қатарлы тұлғалары Президентіміздің жуырда ғана жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын түркі әлеміне шақыру ретінде бағалайды, тіпті түркі әлеміне жасалған манифест ретінде қабылдау қажеттігін атап өтуде. Бұл тараптан түркі мәдениетін, өркениетін әлемге таныту барысында, ең алдымен, өз арамызда бағдарламалық жобаларды жүзеге асырсақ деген ұсыныстар да жоқ емес, – дейді Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы.
Биылғы қыркүйек айында өткен Елбасының түрік еліне ресми сапары барысында екі ел арасындағы бірқатар ауқымды жобаларға қол қойылған болатын. Бұл инвестициялық-коммерциялық жобалар ел экономикасын дамытуға соны серпін бермек. Бауырлас халықтардың рухани байланысын одан әрі нығайта түскен қабылдау кешінде Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармонияның құрамына кіретін «Адырна» фольклорлы-этнографиялық ансамблі мен «Алтынай» халық би ансамблі қазақ өнерін жоғары деңгейде көрсетіп, көпшілікті тәнті етті.
Анкарадағы сапарымыз осындай салмақты шаралармен қорытындыланған соң үшінші күні Стамбұл қаласына аттанып кеттік. Туристер жиі бас сұғатын, 18 миллион халқы бар тарихи қалада заманауи өндіріс жүйесі қалыптасып, электроника, ақпараттандыру, көлік өндірісі, қаржы, бизнес, логистика және т.б. салалар кеңінен дамыған. Шырайлы шаһар бізді өзінің ерекше сәулетімен, көркем келбетімен таңғалдырды. Стамбұлдағы сапарымыз Топкапы сарайынан басталды. Тарихи кешеннің құрылысы, тарихы бізге ерекше ұнады. Түрік халқының көне жәдігерлерді жақсы сақтағанын көріп сүйсіндік. Сұлтан Ахмет алаңын араладық.
Келесі күні Стамбұлдағы ТРТ студиясына жұмыс сапарымыз ТРТ Әлемдік орталығы және ТРТР Стамбұл радиосымен танысуға ұласты. Бұл компанияның өкілдері де алдағы жоба-жоспарларымен таныстырды. Орталықта жаңа коммуникациялық технологияларды қолдану тәрізді инновациялық жүйелері молынан қалыптасқанына көз жеткіздік. Олар өз кезегінде бізбен әріптестік байланыс орнатып, ынтымақтаса жұмыс істеуге қашанда мүдделі екендерін жеткізді. «Анадолу» агенттігіне сапарымыз да ерекше есте қалды. Агенттік өкілдері орталықтың жұмысы жөнінде әңгімелеп, компанияның құрылу тарихынан, заманауи жетістіктерінен хабардар етті.
Сапарымыздың соңғы күні Айя София музейінде болдық. Түстің кезінде Босфор жағалауын кемемен аралап, тамаша көңіл күймен әуежайға аттандық.
Түркияның кең географиялық ландшафы, аймақтық дәстүрлері мен бай тарихы кез келген мейманға өзгеше әсер сыйлайды. Ондағы туризмнің барлық түрі туристердің қай санатына да қолжетімді екенін анық аңғардық. Бір сөзбен айтқанда, бауырлас түрік елінде өткен бес күніміз қызыққа толы болды. Түрік халқының қонақжайлығына тәнті болып, өз елімізге көтеріңкі көңіл күймен қайттық.
Абылайхан ЖҰМАШ,
Астана – Анкара – Стамбұл – Астана
Дереккөз: Айқын