Илья Ильиннің Олимпиаданың лицензиялық турниріне шықпай қалу себебі белгілі болды
Қазақстан Республикасының Ауыр атлетика федерациясы баспасөз қызметінен хабарлағандай, сайыстың алғашқы күні ауыр атлеттер Фархад Харки мен Арли Чонтей төртінші орын иеленген. Игорь Сон болса Қазақстан құрамасының қоржынына күміс медаль салған.
Сайыстың кешегі қорытындысы бойынша, Нижат Рахимов (73 келіге дейінгі салмақта) қола медаль иеленген еді.
Сонымен бірге, қос сайыстың бірінен орын алғаны үшін берілетін «кіші» медальға Айдар Қазов (81 келіге дейінгі салмақта, серпе көтеру), Карина Горичева (64 келіге дейінші салмақта, серпе көтеруде) ие болды.
Сонымен бірге, 89 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Рүстем Сыбай қос сайыстың қорытындысы бойынша 8-ші орыннан көрінді.
Турнирдің соңғы күнінде жарыс алаңына 2018 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған — Раушан Мешітханова шықты. Раушан 87 келіге дейінгі салмақ санатында өнер көрсетіп, қос сайыста 215 келіні бағындырды. Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір күміс медальмен толықты. Айта кетерлігі, Раушан жұлқа көтеруде (100 келіні көтеріп) бірінші орыннан көрініп, серпе көтеруде (115 келіні) екінші орынды иеленді.
Бүгін жарақат алуына байланысты лицензиялық турнирдің помостына Илья Ильин шыға алмай қалған еді. Бапкерлер құрамы ауыр атлетке сайысқа қатысуға рұқсат бермеген.
«Біз Ильяның ауыр жарақат алуын болдырмау керек деп шештік. Ем жүргізіліп, денсаулығын қалпына келтіру процесі жүргізіліп жатқанына қарамастан, жаттығу кезінде омытртқасы қайта сыр берді. Нәтижеге қол жеткізуге барынша тырысуға болар еді, бірақ ондай жағдайда белді үзіп алу қаупі бар-тын. Жаттықтырушылар штабы оны помостқа жібермеу туралы шешім қабылдады, өйткені алдағы уақытта басымдыққа ие бәсекелі сайыстар бар», — деді ауыр атлетикадан ҚР Ұлттық құрамасының бас бапкері Юрий Мельников.
Дереккөз: http://egemen.kz/