КЕНТАУ КЕН ӨНДІРІСІН ЖАНДАНДЫРАДЫ | «Айқын» газеті

0

Кезінде кенімен әлемге танылған Кентау қаласында алдағы жылдары кен өндіру ісі қайтадан қарқын алатын болады. Олай дейтініміз, Түркістан облысы Кентау қаласында қазіргі таңда 6 кен орнында геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде. Түркістан қаласынан Кентау шаһарына өткен 12 ауылдық округтердің барлық елдімекенінің тұрғындары үшін жаңа орталыққа қатынайтын көлік қатынастары жақсарып, бірқатар қосымша автожолдар салынады. Сондай-ақ әлеуметтік сала бойынша мемлкеттік қызмет көрсету жұмыстары да заманауи талапқа сай жанданатын болады. Бұл туралы Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде мәлім етті.

Айта кету керек, биыл Елбасы­ның Жарлығымен Түркі­стан қа­ла­сы жаңа облыс орталығы болып бекітіліп, оған қарап келген 12 ауылдық округ Кентау қаласына өткені кеншілер шаһарының тірші­лі­гін жандандыра түсті. Нәти­же­сін­де, қалада тұрғындар саны
200 мыңға жуықтап, шаһардың 52 мың гектар аумағына 721 мың гектар жер қосылды.
Биылғы жылдың 10 айында Кен­тау қаласында атқарылған жұмыс­­тар жайлы баяндаған Әбді­ба­қыт Мақұлбаев қаланың жалпы өнім көлемі 87 млрд 313 млн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңі­мен салыстырғанда 2,6 есе артқа­нын жеткізді.
«Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 12 млрд 315,4 млн теңгеге жетіп, нақты көлем индек­сі 160 пайызды құрады. Кен­тау қаласына 12 ауыл округінің қосылуымен 2018 жылдың 10 айында қолданыстағы шағын орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 6 784 бірлікке жетіп, 2,5 есе өскен. Шағын бизнес субъектілерінің осы кезеңде өндірген өнімдері мен жасаған қызметтерінің жалпы сом­­масы 61 млрд 134,8 млн теңге­ні құрады», – деді Әбдібақыт Мақұлбаев.


Кентау қаласы бойынша 2015-2019 жылдары өңірлер кәсіп­керлігін қол­дау карта­сына жалпы құны – 64 млрд 41,5 млн теңге 5 жоба ен­­гізі­­ліп, 4 жоба толығымен іс­ке асы­­рылды. Оның ішінде: «Юг­Элек­тро­Привод» ЖШС – «Тоқ және кернеу ажыратқыштарын, айыр­ғыштарын, өлшегіш транс­фор­­маторларын шығару» жобасы; «Электродеталь» ЖШС «35-110-220 трансформаторлар үшін металл­құры­лымдар жасайтын және элек­тро­оқшаулар бөлшектерін шыға­ру» жобасы; «Статус Эверест» ЖШС – «ПЭТ, ПП, ПЕ» қатты қалдық­тар­ды қайта өңдеу» жобасы сынды ауқымды жұмыстар жүріп жатыр.
Қаланы жылумен қамтамасыз ететін «Кентау сервис» мемлекеттік ком­муналдық кәсіпорны комму­нал­­дық қызметтің құнын 136-дан 103,88 теңгеге немесе 23,88 пайызға арзандатып отыр. Кәсіпорын 334 көп­қабатты тұрғын үйге, 2121 жеке үйге, 374 коммерциялық нысанға және 102 бюджеттік мекемеге жылу беріп келеді. Жалпы, қалада 38,2 шақы­рым магистралдық,
116,8 шақы­рым ішкі орамдық жылу құбы­ры тартылған.
Кентау қаласы және оған қарас­ты елдімекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен жалпы құны 1003,2 млн теңге қаржы қаралып отыр. Жалпы, Кентауда көгілдір отын­мен толық қамту 2021 жылы аяқта­лады деп жоспарланып отыр.


Қала әкімі туризм саласы бо­йын­­ша жоспарларын да айтып берді.
«Туризм саласы Кентау үшін өте маңызды. Кентау қаласының аума­ғына қарайтын Қаратау ұлт­тық табиғи қорық, Қарнақ елді­ме­кенін­дегі «Шаммат-Ишан» музейі, мың жылдан астам уақыт тарихы бар тұт ағашы бар. Сондай-ақ, Тайқазан құйылған орын, Хантағы деген тарихи орындарды да туристік жоба­лар қатарына енгізіп, оны Түркі­станнан Укаша ата киелі орны­на баратын бағыттағы туризм жол­дарына қоссақ деген жоспа­ры­мыз бар», – деді қала әкімі.
Айтуынша, Қаратау табиғи қорығында атпен жүретін және жаяу жүретін жолдар бар. Сондай-ақ 12 ауылдық округтің қосылуына байланысты ол ауылдардағы Укаша ата, Сауран қорғаны сынды орын­дар және жолай жатқан басқа да тарихи маңызы бар нысандар жетер­лік. Алдымен бұлардың инфра­­құрылымын реттеу басты назарда тұр.
Қаладағы ескі үйлердің қазіргі жағ­дайына қатысты қойылған сауал­ға қала басшысы былай дейді.
«Қалада 327 тұрғын үй бар. Тағы да үйлер қосылып жатыр. Сол 327 үйдің 70 пайызы қайта жаң­­ғыртуды талап етеді. Себебі бұл үйлердің алғашқылары 1956-1957 жылдардан бастап салынған болса, соңғылары 1980 жылдары пай­далануға берілген. Былтыр осы үйлер­дің ішінен 35 көпқабатты үйді толықтай модернизациядан өткіздік. Оның алдында 9 үйдің шатырларын да жөндеуден өткізген болатынбыз. Келер жылға 18 үйді жөндеуге құжаттарын толық дайын­­дап отырмыз. Содан кейін 44 үйдің де құжаттарын дайындауға кезек келіп тұр. Жалпы бұл үйлерде жылу жүйелері қалыпты жолға қойыл­ған», – деді.
Брифингте Кентау қаласына өткен 12 ауылдық округтердегі тұрғындардың жаңа орталыққа баратын автожолдары мен көлік қатынасы және әлеуметтік қызмет көрсететін жұмыстардың мәселесі туралы да айтылды.
«Көптеген елдімекеннің бірден басқа әкімшілік аумақтан екін­шісіне өтуі бірқатар қиындық­тар­ды туғызатыны белгілі. Біз барлық елдімекендерді аралап, жағдайымен танысып көрдік. Атап айтқанда, 12 ауылдық округке қарасты 35 елдімекен және олармен бірге әлеуметтік нысандар да бар. Міне, сол бойынша жол-көлік қатынастары және су, басқа да коммуналдық мәсе­лелерді қарадық. Тұрғындарға қыз­мет жасайтын ХҚКО, құзыр­лы органдар, яғни күштік құры­­лым­дар және әкімшілік құры­лым­дар мен министрліктерге қарай­тын аймақтық мемлекеттік ме­кемелердің де жағдайын сара­ла­дық» деді әкім.


Айтуынша, тұрғындардан көп­теген сауал мен арыз түскен. Атап айтқанда, автожол, көлік қатынасы, жолаушыларды тасымалдау үшін көліктермен қамту, әлеуметтік қызмет көрсету мәселесі бар. Мәселен, Үшқайық, Май­дамтал сынды ауылдық округ­тердің жолдары мен тасы­мал бағыт­тарын қайта реттеу қажеттілігі туындап отыр. Атап айтқанда, қаладан шалғай жатқан Майдамтал ауылдық округіне қарасты Ынталы және тау етегінде орналасқан Егізқара сынды елдімекендерден қатынау үшін бұрынғы жолмен жүрер болса жол қашықтығы 100 шақырымнан асып кетеді екен. Ал енді сол айналма жолды қыс­қарту үшін Кентауға тікелей жолы бар Бабайқорған ауылдық округінде қарасты Мес ата ауылына тартылған жолды ары қарай Май­дам­талға дейін төтесінен
8-10 ша­­қырым шамасында жолды соз­ып салса, онда айналатын жол әлдеқайда көп қысқарады. Ал Кентаудың екінші жағында шал­­­ғайында жатқан Ибата (ескі Иқан) ауылынан жүретін жолды Шоқтас арқылы тарту жағын да қарастырмақ.
«Бұл мәселелерде жолаушылар тасымалымен айналысатын компа­ния­лардың да өздеріне тиімді болар жағын қарайтынын ескеруіміз керек. Сол себепті, олармен де жан-жақты саралап, сосын барып келі­сім жасаған дұрыс. Әрине, біз үшін тұрғындардың қалаға келіп-кету жол қатынасын жақсарту бас­ты назарда тұр. Сонымен қатар тұр­ғындарды қалаға сандалта бер­меу мақсатында, халыққа қыз­мет көрсету орталықтарының мобиль­ді бөлімшелерін ауылдарда орналастыру жағын жоспарлап жатыр­мыз. Ауылдықтардың шаруа­шы­лықпен айналысатындары көп болғандықтан, шаруа қожа­лық иелері есеп-қисабын тап­сы­ру үшін қаладағы Кірістер бас­қар­масына бармай-ақ, ауылдағы әкімшіліктерде электронды түр­де жеделдетіп тапсыруларына мүм­кіндік жасап жатырмыз. Ол үшін ауыл әкімшілігіндегі қыз­мет­кер­лер­дің біріне осы жұмыспен арнайы айна­лысуды міндеттейміз», – деді Әбдібақыт Тілләбайұлы.

Тағы бір халық көп баратын мекеменің бірі – Жұмыспен қамту мекемесі болғандықтан, Түркістан қаласында бір бөлімше ашпақ ойлары бар. Себебі, көптеген тұр­ғын­­ үшін Түркістанға барғаны ыңғайлы көрінеді.
Сонымен қатар, алыста тұратын тұрғындар қалаға келмей-ақ жақын жерде ем қабылдау тиімділігін артты­ру мақсатында жаңа Иқан және Шорнақтан екі бірдей алғаш­қы медициналық жәрдем көрсе­ту орталығы салынады.
Әбдібақыт Мақұлбаев кезінде жер­асты қазба байлықтарды өндіруде әлемге танылған Кентау қаласындағы кен орындарын қайта түлету мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстарды да атап өтті.
«Кентау қаласы аты айтып тұрғандай, уақытысында кен өндіру саласы дамыған қала болған. Енді қазір қандай жұмыстар жүріп жатыр дегенге келер болсақ, қазыналы қарт Қаратаудың қойнауында жер­асты қазба байлықтары әлі де жеткілікті. Сол бағытта қазір бір­неше жобаны жүзеге асыру­да­мыз. Біріншісі, қазір қалада алты кен орнына геологиялық барлау жұмыстары жүріп жатыр», – деген қала әкімі жоспарды жеткізді.
Қала басшысының айтуынша, Кентаудан 25 шақырымдай жерде тау бөктерінде орналасқан «Қызыл ата» кен орнында 2016 жылы бар­лау жұмыстары басталған. Ол жерде мыстың мол қоры бар екені анықталған.
Ал кен өндіру саласында тым терең тарихы бар Ащысай ауылынан 10 шақырымдай жерде «Смена» полиметалл кен орны бар. Онда қорғасын-мырыш өндіріледі. Ол жерде 2013-2014 жылдарда барлау жұмыстарының бірінші кезеңі жүрген. Былтыр желтоқсан айында жауапты министрлік оған да геологиялық барлауға рұқсат беріп, келісімшарт жасапты.
Сондай-ақ Хантағы елдімекені­нің жанында «Хантағы», «Қарасай» атты мырыш-қорғасын өндіретін поли­металл кен орындары бар. «Алитур.kz» деген компания гео­ло­­­гиялық барлау жасау жөнінде министр­лікпен келісімшарт жасап, жұмыс­тарын бастап кетіпті.
Одан өзге Қарнақ жақта Ырмақ өзені бойында шашыраңқы алтын кен орны бар. Ол жерде де тиісті компания геологиялық барлау жұмыстарын жүргізген.
Қаланың жанында «Аңсай» атты барит кен орны бар. Онда да қор жеткілікті. Тікелей келісім­шарт­пен рұқсат алған олар
2019-2020 жылдарда жұмыстарын толық бастамақ. Сондай-ақ жақын маңда «Байыл­дыр» кен қалдықтары қой­ма­сы бар. Ол жерде Кентаудағы кен байыту комбинатының 135 мил­лион тонна қалдығы жердің бетіне үйілген. Соны қайта өңдеуге жеңіп алған компанияға министрлік рұқ­сат берген.
«Әрине, бұл айтып отырғандар – министрліктің құзырындағы қазба байлықтар. Мұнан өзге облыстың құзы­рына қарайтын қазба бай­дық­тар да бар. Атап айтқанда, гипс, цемент өндіруге болатын құры­лысқа қажетті үлкен қорлар бар. Сондықтан бұл сала жақсы дами­тын болады және қаланы дамытуға көп септігі тиеді деп ойлай­мын». Жалпы, тау-кен өндіру саласында осындай қозғалыстар бар. Алдағы уақыттарда бұл сала қарқынды дамиды деп жоспарлап отырмыз. Себебі, был­тыр­­дан бастап Елбасының өзі бұл салаға қатты мән беріп, тиісті қар­жы­лар бөліп, жұмыстар жүргізуді тап­сыр­ған бола­тын. Сондықтан қазір кен өндіру саласының жұмыстары жан­данып жатыр», – деді Әбдібақыт Мақұлбаев.

Тельман БЕЙСЕН,
Түркістан облысы

Дереккөз: Айқын