Заманауи өнер шебері | «Айқын» газеті

0

Дина Байтасова – өнертанушы, TSE Art Destination орталығының негізін қалаушы. Алматының тумасы, Париждың Сорбонна университетінде заманауи өнер бойынша білім алып, осы салада істегеніне 10 жылдан астам уақыт болған. Шетелде тұрған соңғы төрт жылында IADA тәуелсіз ассоциацияның уәкілі болып, Қазақстандағы заманауи суретшілерді Еуропа еліне танытуға тырысқан. Бүгінде елге оралған Дина Қазақстанның ішінде заманауи өнерді дамытып, отандық өнерді бүкіл әлем іздеп келетіндей қылып, Астананы өнер қаласына айналдыруды армандайды. 

Бәрі француз сабағынан басталған

Дина бала кезінен өнерге жақын болып өсті. Соның ішінде сурет салғанды ұнататын. Содан болар кішкентайынан музей мен көрмелерді аралаудан жалыққан емес. Айтуынша, барлығы ақпа­рат­ты саған қалай беретініне байла­нысты. Сол нәрсені саған жұқ­ты­рып жіберсе, өмір бойы осымен «ауырып» қалуға болады екен.
– 9-10 сынып оқып жүргенімде мұғаліммен бірге біраз оқушы алғаш рет Францияға бардық. Тобымызда Ә.Қастеев музейінің өнертанушысы болған. Бізді сол кісі барлық жерде алып жүрді. Оның қызықты етіп айтқаны соншалық, бүкіл жан дүниемді төңкеріп жібер­ді. Сол кезде Парижге келіп, өнерді оқимын деп шештім, – дейді Дина Байтасова.
Оның айтуынша, бәрі француз сабағынан басталған. «5-сыныпта француз тілінен сабақ жүре бастады. Бастапқыда бұған тіпті мән бермедім. Бірақ 7-сыныпқа келгенде француз тілін оқи бастадым. Оған кіріп кеткенім соншалық, қатарластарымды басып озып, олимпиадаларға қатысып, жеңімпаз болдым», – деген өнер­тану­шы француз тілінен оқуға тапсырып, Сарбоннаға түскен. Ол кезде Францияға барып жатқандар көп емес еді. Оның ішінде қазақтар тіптен аз болған. Ал француздардың Қазастанға деген қызығушылығы бұрыннан болған. Алғашында өзгелерге өз елін таныстырумен басталған нәрсе, қалай әдетке айналып кеткенін білмей де қалған. Оны қынжылтатыны – шетелде Қазақстанды ұлттық киімде, домбыра мен қобызбен, жыр-термелерімен ғана танитыны. Елімізді басқа қырынан көрсету керегін меңзеген ол, адамды бір­сарындық шаршататынын жеткізді.
Сөйтіп, Францияның Сарбон­на университетінде қазіргі зама­науи өнер бойынша білім алып, өнер саласында жүргеніне
10 жылдан астам уақыт болған. Бір кездері интерьер дизайнымен де айналысқан. Артынан өзімен пікірлес адамдарды тауып, ассоциация құрып, өзіне ұнайтын ісімен шұғылданған.
– «Сөйлей-сөйлей шешен боласың» дегендей, өз елің, оның артықшылығын айтып жүріп, қалай ұлтжанды азаматшаға айналып кеткенімізді де сезбей қалдық. Оның үстіне өнермен бірге біте қайнасып кеттік. Өзіңе ұнайтын іспен айналысқанда қолдайтын да адамдар болады. Соның бірі – ата-анам. Францияда жүргенімде әр көрмеме арнайы келіп, қатысып кететін. Меніңше, кез келген ата-ана баласының қоғамға керек болғанын қалайды, – дейді Дина Байтасова.

Қаржыны қайда салуға болады?

TSE Art Destinationгалереяның қызметін көрсететін, сауат ашу орталығы. Бұл жерде заманауи суретшілердің жұмыстарымен танысып қана қоймай, суретшінің өзімен танысып, тілдесе аласыз. Заманауи өнер арқылы заманауи Қазақстанның қайда жылжып бара жатқанын көруге болады. Ұлттық музейді есепке алмағанда заманауи өнерді насихаттайтын бірден-бір жер – осы.
– Әр көрме сайын халықтың заманауи өнерге деген қызығу­шы­лығы арта түскенін байқауға болады. Ақпанда ашылғанымызда келушілердің таңданысы түрінен-ақ байқалатын. Себебі, бізде видеоколлаждар, перфоманстар, фотосуреттің қиығынан салынған сурет бар. Бір сөзбен айтқанда, әлемде үлкен сұранысқа ие жұмыстарды қоямыз. Әрине, ол – бізге енді ғана келіп жатқан дүние, бірақ сонымен жұртты таныстыруға тырысамыз. Осы арқылы елдің сауатын ашып, ой бөлісіп, танымы өзгеретін алаңға айналып отыр, – дейді Дина Байтасова.
Сурет өнерінің өткен тарихына қарап-ақ, өнерді қаржыландыру қашанда ұтымды болғанын білеміз. Қазір Қазақстанда қаржыны көбіне ойға қонымды нәрсеге салғанды жөн көреді. Мәселен, классика не орыс көркемсуреті, XVIII-XIX ғасырдағы голландық не еуропалық жұмысқа салады. Ал заманауи суретті қаржыландыруға болады деген түсінік енді ғана келіп жатқандай. Оған қоса бүгінде коллекционерлердің саны өте аз. Онда да олардың өнерге қатысы бар, не болмаса өнерден хабардары ғана. Динаның айтуынша, қазақстандық заманауи суретшілердің жұмысын жинақтайды екен. Жеке коллекция­сында 100-ге жуық дүние бар.
«Бұл жерде басты мәселе – тарихта қалатын, тарихты жасай біле­тін суретшіні таба білуде. Өз басым өнерде өзіндік орны бар, өзіндік жолы бар, өзгеше суретшілерді қолдаймын. Сондай жұмыстарды қаржыландырамын, ұнағанын коллекцияма жинаймын. Негізінен, контемпорари арт бағытындағы мамандармен жұмыс істеймін», – деген өнертанушы клас­сикалық бағытта да жұмыс істеуге болатынын айтты.

Суретшінің әлеуметтік деңгейі әлсіз

Оның ойыша, Қазақстанда суретшінің ешқандай әулеметтік деңгейі жоқ. Тіпті суретшіні қолдайтын да, түсінетін де адам аз. Сондықтан олар өз тіршілігін өздері көріп келеді. Ал суретшіні қалыптастыратын – жүйе. Жүйені жасайтын – бұл салада жұмыс істейтін арт диллер, галлеристтар. Олар заманауи суретшілердің жүйеге сіңуіне, жұмыстарының бағасы артуына жұмыс істеу керек. Бағаны көрме арқылы өсіреді. Бірақ бұл істе жүйенің болмауынан сурет өнері ақсап тұр. Сондықтан көрмені тек арнаулы датада немесе арнайы мерекеде ғана өткізбей, жиілету қажет.
– Біздегі бір ғана кемшілік – су­рет­шілердің бағаланбауы. Меніңше, суретшілер – нәзік топ. Оларға қолдау табылмаса, жоғалып кетуі де мүмкін. Оны өткен тарихтан-ақ көруге болады. Мәселен, Леонарда да Винчи өз заманында патшаның қамқорлығында болған. Сондықтан әрбір суретші өз меценатын тапса жақсы болар еді. Қазіргі суретші көпқырлы болуы керек. Саясаттан да, әлемде не болып жатқанынан да хабардар болуы қажет. Өкінішке қарай, бізде көп суретші жылқы мен жайлауды әлі салып келеді. Көшпенді өмірге деген махаббатың қашан тоқтайтынын білмеймін, – дейді ол.

«Нұр әлем» павильонындағы қолтаңба

«Нұр әлем» сферасы – EXPO көр­месінің ішіндегі ерекше құры­лым. Бұл Қазақстанның ұлт­тық павильоны еді. Мұнда қазақ­стан­дық және шетелдік заманауи суретшілердің мүсіндері мен инс­тал­ляциялары жинақталған.
«Қазір онда 20 шақты жұмыс бар. Бастапқыда олар бізде болған жоқ. Жоба барысында оларды жинау қиын болмады. Өйткені мүсін­мен әрі ірі жұмыс істейтіндер аз», – деген Дина Байтасова ол кезде өнертанушы Парижде IADA (International Art Development Association) тәуелсіз ассоциацияда жұмыс істейтін.
Айтуынша, олардың жұмысын EXPO-ның бас дизайнері Әйге­рім Макенова көрген. «Лондон­да өткен жәрмеңкеде ол біздің жобаны ұнатып, EXPO-ға шақыр­ған. Тобымыздың ерекшелігі шетелдік болғанымен, түп негізі қазақстандық еді. Себебі, менімен бірге ассоциацияның негізін қала­ған – Индира Дюсебаева мен Laurent Lehmann. Елбасымыздың бүгінгі «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында қойылған мақсат-міндеттерді сол кезден жасадық деуге болады. Біз жас қазақстандық заманауи суретшілерді Еуропаға насихаттап, жұмыстарын таныстырып қана қоймай, нарықта алып жатқан орнын көрсетуге тырыстық. Мәсе­лен, 2013 жылы 55-венециалық биен­налда қазақстандық суретші­лер­дің жұмысын жеке павильон­да көр­сеттік. Бұл үлкен жаңалық еді», – деді ол.
– EXPO-ның басталуына жарты жыл қалғанда Астанаға келдім. Негізі оған дейін қашықтықтан жұмыс істегенбіз. Бірақ істің тия­нақ­ты болуы үшін, Қазақстанға келу керек болды. Қызығы, заттар­ды алып барғанда, шеңбердің едені әлі салынып жатты. Бір сөзбен айт­қанда, шар ашылуының соңғы сәтіне дейін бәрі жұмыс істе-
ді, – деді өнертанушы. Осыдан кейінгі екінші жоба – Конгресс орталық. Онда залды безендірумен айналысқан. The Ritz-Carlton және The St. Regis қонақүйінде қазақстандық суретшілердің жұ­мыс­тары қойылған. Осыдан-ақ Дина Байтасова еліміздің бас қаласы Астананы өнер ордасы жасауға бел шешкен. Айтуынша, бұл жерде бәрін нөлден бастап, жаңашылдық енгізіп әрі өз қалауы­на қарай бағыттап алуға болатынын түсінген. Сөйтіп, Астанадан зама­науи өнердің алғашқы галереясын ашқан.

Анар ҚОНЫС


Дереккөз: Айқын