«Алтын тұғырда» үздіктер марапатталды

0

Ұлттық спорт саласындағы үздіктердің мерейін көтеруді мақсат тұтқан «Алтын тұғыр» салтанатты жиыны биыл алтыншы мәрте ұйымдастырылып отыр. Дәстүрлі марапаттау жиынына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ұлттық спорт қауымдастығының құрметті президенті, генерал-майор Қайрат Сатыбалдыұлы, Мәжіліс депутаты, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан қатысып,  ұлттық спорттың жыл үздіктеріне сыйлықтар тапсырып, құттықтау сөз сөйледі.

Елімізге танымал сахна саңлақтарының  сазды концертімен өрілген  биылғы «Алтын тұғыр» сыйлығының иегерлері – 2018 жылғы ұлттық спорттың халықаралық бәсекесінде дара шыққан жеңімпаздар болды.Ұлттық спорт түрлерінің үздіктер номинациясы бойынша «Үздік мерген» Абзал Тулыбеков,  «Үздік шабандоз»  Бауыржан Мырзабаев,  «Үздік көкпар командасы» – «Құлагер» командасы,  «Үздік көкпаршы»  Асланбек Сайдулла, «Үздік аударыспақшы» Шыңғысхан Ержанов пен  Азамат Серғазин,  «Үздік теңге ілуші» – Мағжан Сапарбек,  «Үздік құсбегі» Бабажан Берікболсын,  «Үздік қазақ күресінің балуаны» Ерсұлтан Мұзаппаров,  «Үздік тоғызқұмалақ ойыншысы» Әсел Далиева, «Үздік асық атушы» Мұхтар Ахметов деп танылса, «Үздік бәйге аты»  аталымы бойынша «Алтын тұғыр»  «Қаракөз» атты жүйрікке берілді. Аттың иесі Артығали Миразов, шабандозы Бекзат Сәдуақас. Сондай-ақ,  Нұрлан Додай «Үздік жаттықтырушы»,  Қазақстанда өткен халықаралық ұлттық спорт чемпионаттарына Ресей ұлттық құрама командасын бірнеше жыл бастап келген   Ербол Еділбаев «Үздік жетекші»,  Гүлнар Базарханова «Үздік төреші» атағымен марапатталып, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевқа «Елімжан» медалі табыс етілді. Ал,  Дербіс Байділдаев, Бағдат Мүптекеқызы, Жомарт Сабыржанов, Өнербай Жанбала «Ұлттық спорт ардагері» медалімен марапатталды.

 «Биыл ұлттық спорт үшін ерекше жыл болды деп айтуға болады. Өйткені, халықаралық бәсекелерде біздің саңлақтарымыз сан мәрте дара шықты. Атап айтсақ, аударыспақтан ІІІ Азия чемпионатында, теңге ілу мен құсбегіліктен ІІ Азия чемпионатында, жамбы атудан XIV әлем чемпионатында, көкпардан, тоғызқұмалақтан, асық атудан, қазақ күресінен халықаралық жарыстарда жүлделі орын иеленген спортшыларымыз баршылық. Сол сияқты биыл Оңтүстік Кореяда жамбы атудан өткен әлем чемпионатында 23 елдің ішінен спортшыларымыз І орын иеленді. Бүгінгі сый-құрмет сол ұлттық спорт бәсекелерінде ел намысын асқақтатып жүрген азаматтарымыздың есімін ардақтауға арналады», — деді Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан.

Сонымен бірге, ұлттық спорт саласының дамуына еңбек сіңірген көптеген азаматтар Ұлттық спорт қауымдастығының арнайы дипломы, алғыс хаты және қаржылай сыйлықтарына ие болды. Ұлттық рухқа дем берген айтулы кешті елімізге танымал өнер жұлдыздары ән-күймен әрлеп, жиналған көптің жігерін жанып, ұлттық спорттың нағыз жанкүйері болуға шақырды.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/