Трамп Ауғанстаннан АҚШ әскерінің біразын шығарғысы келеді
АҚШ президенті Дональд Трамп Ауғанстаннан америка әскерінің біразын шығаруды ойластырып жатыр. Бұл туралы аты-жөні аталмаған шенеуніктерге сілтеме жасаған америкалық БАҚ хабарлады. Дереккөздерінің сөзінше, бұл туралы шешім ендігі қабылданып та қойған.
Wall Street Journal газетінің 20 желтоқсан күні аты аталмаған жоғары шенді америкалық шенеунікке сілтеме жасап хабарлауынша, Трамп «Ауғанстандағы қақтығысты тоқтатудың ең тиімді жолын тапқысы келеді».
France Press агенттігінің АҚШ шенеунігіне сілтеме жасап хабарлауына қарағанда, Ауғанстаннан америкалық әскерилердің біразын шығару туралы шешім ендігі қабылданып қойған.
Ауғанстанда қазір АҚШ-тың 14 мың әскери қызметкері бар. CNN телеарнасының хабарлауынша, Трамп әскерилерге бұл әскердің шамамен жартысын шығару жоспарын дайындауды тапсырған.
19 желтоқсан күні Дональд Трамп Сириядағы екі мыңға тарта АҚШ әскерінің түгел шығарылатынын жариялаған. Ол Сириядағы АҚШ басқаратын халықаралық коалиция «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымымен соғыста жеңіске жеткенін, енді америкалық әскерилердің елге қайтатын уақыты жеткенін мәлімдеген. Трамптың бұл шешіміне АҚШ-тың коалициядағы одақтастары да, Конгрестегі республикашыл мен демократтар да сынады. Пентагон бұл ақпаратқа әзірге түсінік бере қойған жоқ.
Дереккөз: Азаттық