СҚО-да әкімнің орынбасары қызметтік көлікпен нан алуға барғаны үшін жазаланды
Солтүстік Қазақстан облысында аудан әкімінің орынбасары қызметтік көлікпен нан алуға барған. Әкім орынбасары өзінің осы әрекетін түсіріп алған блогермен келіспек болғаны үшін жазаланды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
18 қазанда Петропавлда әдеп жөніндегі кеңесте Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Алма Нұрғалиеваға қатысты мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексін бұзғаны үшін қозғалған тәртіптік іс қаралды.
«2024 жылдың қыркүйегінде әлеуметтік желіде Нұрғалиеваның қызметтік көлігін дұрыс емес жерге қойғаны туралы видео жарияланған болатын. Бұл факті бойынша 28 тамызда Нұрғалиеваға қатысты «Жол белгілеріндекөрсетілген талаптарды сақтамау» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Ол айыппұлды төледі», – деп хабарлайды Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің мемлекеттік қызметті бақылау бөлімінің бас маманы Диана Салгарина.
Ол аудан әкімінің орынбасарының кешкі сағат жетіде қызметтік көлікпен үйіне қайтып бара жатқанын, жолда нанға тоқтағанын, дұрыс емес жерде көлік қойып, белгіге мән бермегенін айтты. Диана Салгаринаның сөзінше, әкім орынбасары «Мемлекеттік қызмет туралы» заң мен мемлекеттік қызметкерлердің «Әдеп кодексін” бұзған.
Еске салсақ, Батыс Қазақстанда әкімге ауыл тұрғынын балағаттағаны үшін тәртіптік жаза қолданылатыны туралы жазғанбыз.