“Рахат Әлиевтің адамдары екен” — Белгілі композитор «Ауырмайды жүрек» әні туралы ел естімеген деректерді айтты
«Ауырмайды жүрек» әні – Қайрат Нұртас шырқаған хиттердің үздік үштігінде. Жарыққа шыққан сәттен-ақ миллондаған жүректі жаулаған туындының әуені әлі елдің есінде, ал бұл әннің шығу тарихы туралы бұрын-соңды айтылмаған тың мәліметтерді композитор Бауыржан Есебаев Kaz.nur.kz тілшісіне айтып берді, — деп жазады Kznews.kz.
Композитордың айтуынша, кезінде талай тыңдарманның құлақ құрышын қандырған «Ауырмайды жүрек» әні әуелде көркем фильмге саундтрек ретінде жазылған. 2013 жылы Қайрат Нұртас пен Бауыржан Есебаевтың арасында шығармашылық тандемнің шарықтап тұрған кезі еді.
«Бір күні Гүлзира Айдарбекова «Бауыржан, не істейміз, Қайратқа тағы ән жазасың ба?» деп сұрады. Сол кезде мен «Гүлзира әпке, киноның дәуірі келе жатыр, мен киноға сценарий жазайын, сіздер кино түсіріңіздер» дедім. Кино түсірудің абыройы клип түсіргеннен де, ән жазғаннан да жоғары болады дедім. Өйткені «Ауырмайды жүрек» әні бір киноны хит қылатынын сезіп тұрдым. Сол сәтте Қайраттың анасы: «Кино түсіру туралы кімге айтамыз, кімге барамыз?» деді. Мен өзім команда жинаймын, сіздер ақшасын төлесеңіздер дедім. Сол киноға саундтректі мен жазайын дедім. Ол кісі қуана-қуана келісті. Сонымен сценарийді жазып біттік. Сценарийді жазу ұзаққа созылды, алты айдай жаздық. Сценарийді қолдарына ұстаттық. Сол кезде киноға саундтрек ретінде мен «Ауырмайды жүрек» әнін жазып шықтым. Сонымен киноны түсіреміз деген адамдар бір сәтте жоқ боп кетті. Себебі сол уақытта мемлекетте бір саяси ауыс-түйіс боп жатқан кез еді. Рахат Әлиевтің адамдары киноны түсіреміз деген екен, кейін Рахат Әлиев кеткеннен кейін, ол команда да құлдырап кеткен. Соңында ол кино түсірілмеді», — дейді сазгер Бауыржан Есебаев.
Фото: Instagram/fc_kairat_zhuldyz