Ұялы байланыс қымбаттады ма немесе монополист кім болады?
Кеше ғана Елбасы бірталай шенділерді шақырып алып, монополия мәселелерін қозғады. Біраз сала қозғалғанмен де кейбіреуі ауызға алынбай қалды. Мысалға келтіріп айтатын болсақ, ұялы байланыс операторларының қызметі.
Атап айтқанда, қазір елімізде бұл қызмет түрін тек 5 оператор ғана көрсетеді. Олар «Актив», «Кейсел», «Теле2», «Алтел» және «Билайн». Енді осы 5 оператордың төртеуі бір қазаннан тамақ ішетін болса, монополияның иісі шығып келе жатыр деп айтуға әбден негіз болады. «Кар-Тел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарайтын «Билайн» ғана бұл қатарға кірмейтін болады.
«Кар-Тел» ЖШС өкілдері қазіргі байланыс саласының монстры болып есептелетін «Қазақтелеком» АҚ жағынан қауіп болатынын айтып дабыл қағуда. «Қазақтелеком» «KCell» АҚ-ның (көпшілікке танымал кең тараған «Актив» байланыс жүйесі де осы АҚ-на қарайды) 75 % үлесін сатып алуға осы жазда антимонополиялық органдар тарапынан рұқсат алған. Былтыр «Теле2» мен «Алтел» бірігіп, біртұтас компанияға айналғанын білеміз. Оның 50 пайызға жуығын осы «Қазақтелекомның» келесі жылы сатып алу ойында бар екенін ескерсек, жоғарыда айтылған монополияның ауылы алыс болмайын деп тұр.
2017 жылғы статистика бойынша «Кейсел» мен «Актив» еншісінде қазақстандық нарықтың 39,2% болса, «Алтел» мен «Теле2» бірлескен компаниясында — 25,3%, ал «Билайн» — 35,5%-ға ие екен.
Байланыс операторларының мұндай бірігуі қалай десеңіз де клиенттер үшін тиімді болмайтыны белгілі. Жоғарыда атап өткеніміздей, егер «Қазақтелеком» АҚ ұялы байланыс операторларының акцияларының басым бөлігіне ие болса, онда ол бұл салада 67 % бақылау орнатады екен. Бұл жайында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин құлаққағыс еткен. Жоғары шенді шенеуніктің айтуы бойынша, бұдан былай ұялы байланыс қызметінің бағасы өсіп, сапасы төмендейді екен. Оған қоса, монополист болуға ұмтылып отырған компания нарықтағы үшінші ойыншыны, әлбетте жолатпауға тырысады.
Оның үстіне биылғы көктем-жаз айларында барлық операторлардың көптеген «тегін» қызметтер ұсынып, баршамызды басқа тарифтерге ауысуға «жағдайлар» жасағандары естеріңізде болар. Кейбіреуі уақытша тегін YouTube қызметін ұсынса, енді біреулері әлеуметтік желілерге интернет трафигіңіз жұмсалмайды деген жеңілдіктер берді. Бірақ тұрақты түрде емес, белгілі бір мерзімге дейін ғана. Онда тұрған не бар деп ойлауыңыз мүмкін. Қызықтың көкесі сонда, сіздің бұрыннан пайдаланып келе жатқан тарифіңіздегі қызметті барынша жаңадан шыққан қымбат тарифтерге ауыстыру үшін жасалған айла-шарғы десек те болады. Минуттар саны мен интернетке берілетін трафикті білдіртпей азайту мақсатында, жаңадан шыққан тарифте әлбетте олар аз мөлшерде болады. Бірақ сізді қармаққа түсіру үшін жаңағыдай уақытша «тегін» қызметтер болады. Сол «тегінге» алданған клиент бірден жаңа тарифке көшіп алары сөзсіз. Енді уақыт өте келе «тегіндер» жоғалады да, клиент бұрынғысымен салыстырғанда қызмет көлемі аз әрі қымбат тарифпен қалады. Егер сөзіміздің анық-қанығын тексеремін десеңіз, осы көктем немесе жазда «тегіні» бар тарифке көшкеннен кейін, бұрынғысымен салыстырып көріңіз!
Қорыта айтқанда, ұялы байланыстың қымбаттауына дайын болыңыздар дегіміз келеді.
Серікқазы Көкенай