Жаңа елшілер Назарбаевқа сенім грамоталарын тапсырды

0

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасында жаңадан тағайындалған елшілерден сенім грамоталарын қабылдады.

Ақордада 5 мемлекеттің елшілері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамоталарын тапсырды. Атап айтсақ, Ауғанстан Ислам Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Мохаммад Фархад Азими, Қырғызстан Республикасының елшісі Жээнбек Кулубаев, Литва Республикасының елшісі Гинтаутас Васюлис, Иран Ислам Республикасының елшісі Маджид Самадзаде Сабер, Армения Республикасының елшісі Гагик Кимович Галачян табыстады. Атап өтсек, Литва елшісі Гинтаутас Васюлис сенім грамотасын тапсыру барысында қазақша сөйледі.

Елбасы жаңа елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық қызметтерінің басталуымен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.

«Құрметті елші мырзалар, бүгінгі таңда әлемнің түкпір-түкпірінде жанжал ошақтары көбейіп, санкциялық текетірес пен сауда соғысы өршіп жатқанын көріп отырмыз. Өзара сенім болмаса, дағдарысқа қарсы кез келген іс-қимылдың оң нәтижесі болмайтыны белгілі», — деді Назарбаев.

Мемлекет басшысы елімізде өткен халықаралық шаралардың маңызына тоқталды. Бұған қоса, Елбасы Қазақстан мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты, достық қатынастарды одан әрі дамытуға ниетті екенін айтты.

«Қырғыз Республикасы Орталық Азиядағы маңызды әріптесіміз ғана емес, тарихи тамырымыз тереңге жайылған тату көрші, бауырлас мемлекет болып саналады. Сондықтан, біз Қырғызстанмен достыққа және өзара түсіністікке негізделген стратегиялық әріптестікті дамытуға айрықша көңіл бөлеміз. Үкіметтеріміз осы бағытта тиімді жұмыс жүргізіп, екі жақты қарым-қатынастарды жаңа белестерге көтереді деп сенемін», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент Қазақстан мен Армения арасындағы ынтымақтастық одан әрі дамып келе жатқанын айтты. Соңғы жылдары өзара тауар айналымының көлемі артқан.

«Біз Иран Ислам Республикасын аймақтағы маңызды серіктесіміз ретінде қарастырамыз. Тегеранмен тиімді ынтымақтастық аясын кеңейтуге, әсіресе көлік, транзит, ауыл шаруашылығы, тау-кен металлургия саласында жандандыруға мүдделіміз», — деді Мемлекет басшысы.

Елбасы Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы байланыс достық негізінде, түсіністік рухында ілгерілеп келетінін атап өтті. Президенттің айтуынша, еліміз Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға, оны әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытуға өз үлесін қосуда.

«БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі ретінде Ауғанстан мәселелерін шешуге атсалысып келеміз. Кабулға жыл сайын қаржылай-техникалық, гуманитарлық көмек көрсетіп келеміз. Ауған жастарына арналған білім беру бағдарламасы жүзеге асуда. Біз сондай-ақ, Кабулға азық-түлік тауарларын жеткізетін негізгі елдердің бірі болуға әзірміз», — деді Назарбаев.

Елбасы өз сөзінде Қазақстан мен Литваның арасындағы қарым-қатынас деңгейіне жоғары баға берді. Президент Астана-Вильнюс тікелей әуе қатынысының ашылуы екі жақты байланысты нығайтуға мүмкіндік беретінін айтты.

«Құрметті, елші мырзалар, Қазақстандағы мәртебелі әрі жауапты қызметтеріңіздің басталуымен тағы да құттықтаймын. Сіздердің жаңа миссияларыңыз елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты дамытуға зор үлес қосады деп сенеміз. Қазақстандағы әр күндеріңіз сәтті болсын», — деп түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ