«Астана» сырт алаңда жеңіліп Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шыға алмай қалды (видео)

0

Еуропа лигасының топтық турнирі аясында «Астана» сырт алаңда «Ренн» командасынан жеңіліп, плей-офф кезеңіне берілетін жолдамадан қағылды. Бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Ал екінші таймда алаң иелері екі гол соғып, бұл есепті ойын соңына дейін сақтады.

66 минутта Бақтиер Зайнутдинов айып алаңында қарсыласты шалып шығып, біздің қақпаға пенальти белгіленген. Эрич «Ренн» ойыншысы Буригоның соққысын қайтарғанымен, қайта серпілген допқа бірінші жеткен Исмаил Сарр қақпа торын бүлк еткізді. 73 минутта Сарр тағы бір гол соғып, дубль жасады.

Топтағы киевтік «Динамо» бесінші турда «Астананы» 1:0 есебімен жеңіп, плей-офф кезеңіне берілетін жолдаманы иеленіп қойған еді. «Астананың» бас бапкерінің міндетін атқарушы Григорий Бабаянның айтуынша, командада ойын тәжірибесінің аз болуы жеңіліске әсер еткен.

Бізде чемпионат аяқталып қойғандықтан ойын ритмі жетіспей қалды. Ал Еуропада қазір чемпионат қызып жатыр. Осыдан келіп бізді физикамен мәселе туындады. Әсіресе, екінші таймда. Біз барынша тырысып, жаттығу жасап, жұмыс істеп талпындық. Алайда бір нәрсе жетіспеді. Қазақстанда қазір футбол маусымы тоқтап тұр. Жалғыз жұмыс істеп жатқан біз ғана. Қарсыласымыз бізден барлық компоненттер бойынша басым. Сондықтан жеңіске жетуі әділетті. Сондай-ақ фубол аспектілерімен қатар, команданың маусым соңында осымен екінші жыл қатарынан қаржылық проблемаларға ұшырап жатқанын да айтқым келеді. Қазіргі кезде команда алдында берілмеген қаншама сыйақы бар.

Әрине, мен бапкер ретінде барлық кінәні өз мойныма аламын. Бірақ футболшыларға қаражаттың төленбеуі әсерін тигізеді. Олар ашуланады, үнемі төлемақы туралы сұрайды. Сол себепті, жаттығу процесінен бөлек уақытты басшылықпен сөйлесуге жұмсауға тура келеді. Бұл қалыпты жағдай емес. Біз бұл маусымда өзіміздің максимум дәрежемізді көрсеттік. Алдымызға қойылған барлық тапсырманы орындадық. Біздің демеушілеріміз бізге әлі де биік мақсаттарды жүктегісі келсе, онда қарыз болмауы керек. Мұндай деңгейдегі футболда ұсақ-түйек деген болмау керек.

Дәл қазіргі уақытта да жігіттерге олардың өзінің еңбектеніп тапқан ақшасы туралы не айтамын. Сондықтан қысқа уақыт ішінде біздің барлық қарыздарымызды төлейді деп үміттенемін» деді Бабаян.

Абай Аймағамбет

Дереккөз: Айқын