Маңғыстау түбегінде жел электр стансасы салынып жатыр

0

2018 жылғы 11 желтоқсан 15:45 87

Маңғыстау түбегінде жел электр стансасы салынып жатыр


АСТАНА. ҚазАқпарат — Маңғыстау түбегінде қуатты жел электр стансасын іске қосу-жөндеу жұмыстары басталды. Оған бүгін ЕХРО Конгресс-орталығында өтіп жатқан «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» атты жалпы ұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев рұқсат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«КТ «Редкометальная компания» БК» ЖШС-ның бас директоры Юрий Епишев «жасыл экономикаға» көшу еліміздің алға қойып отырған негізгі басымдықтарының бірі екендігін айтты.

«2018 жылдың жаз айында Маңғыстау түбегінде ірі жел электр стансасының құрылысын бастадық. Бұл жобаға Энергетика министрлігі қолдау көрсетті. «Vestas» дат компаниясының 24 заманауи құрылғысының арқасында айына 12 млн кВт электр энергиясы өндірілмек. Бұл желден алынатын таза энергия. Нысан 2019 жылдың жазында толық дайын болады. Бүгін біз 1-ші кезеңнің құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтаймыз және іске қосу-жөндеу жұмыстарын бастауға рұқсат беруіңізді өтінеміз», — деді ол.

Ал «Samruk Kazyna — United Green» ЖШС-ның бас директоры Нұрлан Қапеновтың айтуынша, «Бурное күн электр стансасы» жобасының қуаты 100 МВт-ты құрайды. Бұл қазақстандық-британдық бірлескен жоба болып саналады. Сонымен қатар, жоба Еуропалық қайта құру және даму банкі тарапынан да айтарлықтай қолдауға ие.

Мемлекет басшысы спикерлерді тыңдағаннан кейін, олардың алдағы уақыттағы жұмыстарына сәттілік тіледі және Маңғыстау түбегінде ірі жел электр стансасын іске қосу-жөндеу жұмыстарын бастауға рұқсат берді.

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz