Алексей Уткиннің жеке көрмесі көрерменге жол тартты
Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Алексей Уткин сурет әлемінде өзіне тән қолтаңбасын қалыптастырған өнер иесі. Ол ұзақ жылдар бойы өзі оқыған саңырау балаларға арналған мектепте сурет пәнінен сабақ берді. 1995 жылы «Саңырау суретшілердің қауымдастығы» бейкоммерциялық бірлестігін құрып, талай дарындардың қанаттануына жол ашты.
Көрмеден дарынды суретшінің сан түрлі стиль мен техникада орындалған көптеген жаңа жұмыстарын кездестіруге болады. Қылқалам иесін басқалардан даралап тұратын күш – шығармалардағы екпінді эмоция мен жарқын жігер. Картиналардың өне бойына үңілсеңіз, форма мен түс, терең мазмұн, ұтымды композициялық шешім суретші үшін басты орында екенін анық аңғарасыз. Ішінара карикатураға жақын портрет-суреттер де көзге жылы ұшырайды.
«Көптеген туындыларынан Алматының тау бөктерлерінен жайылып жатқан қала пейзаждарын көреміз. Ол осы қаланы жаңа қырынан ашудан шаршамайды және оны өз туындыларында жырлауды тоқтатпайды. Шебердің шығармашылық жолы Вашингтондағы «Жол» көрмесін және Қазақстандағы Нидерланды Корольдігі елшілігінің «Қызғалдақ және адам» көрмесін қоса алғанда ондаған көрмелер мен марапаттардан тұрады», дейді көрме жетекшісі Клара Исабаева.
Ол кейіптеген шығармадағы тал-теректен саудыраған сап-сары жапырақтар күрең күздің құшағына тартып көңіл түкпіріндегі сағыныш сезімдерін шымшылайды; ол кейіптеген қыс келбеті бая-шая тіршіліктің батпағынан арылып, өмірге қардай таза көңілмен үңілуге шақырады – ол кейіптеген картиналардан Алматының мезгіл әуендері еседі…
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Дереккөз: http://egemen.kz/