«7-20-25» бағдарламасымен Маңғыстауда 235 өтінім мақұлданды

0

Бүгінде Ақтау қаласы бойынша жаңа шағынаудандардағы 24 жер телімінде салынып жатқан тұрғын үйлердің жартысы «7-20-25» бағдарламасы бойынша берілмек. Бұған дейін бағдарлама аясында екінші дәрежелі банктерге 2 млрд. 872 млн. теңге болатын 371 өтінім түсіп, 235-і мақұлданған. Бұл жөнінде Маңғыстау облысы құрылыс басқармасы бөлім басшысы Имаммахмуд Шағырбаев мәлімдеді деп хабарлайды mangystaumedia.kz.

Қазіргі таңда Маңғыстау облысы «7-20-25» бағдарламасын іске асыруда Алматы мен Астана қалаларынан кейінгі үшінші орында.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша 8 банк жұмыс істейді. Оның ішінде 5 банк несие беріп жатыр. Олар: «АТФ», «Цесна», «Центр кредит», «РБК» және Халық банкі.

«Басты талаптардың бірі – клиенттің атында үйі және төленіп жатқан несиесі болмауы керек. Атындағы үйін бүгін сатып, ертесіне бағдарламаға қатысуына болады», — дейді «АТФ Банк» Маңғыстау облыстық филиалының директорының орынбасары Жасұлан Сарпықов.

Жыл соңына дейін 1500 пәтер қолданысқа беріледі деп күтілуде.

Сондай-ақ мамандар «7-20-25» бағдарламасына жеке кәсіпкерлер қатыса алмайтынын айтады. 21 жастан жоғары азаматтар бағдарламаға қатысуға құқылы. Несие мерзімі зейнетке шығатын жылына дейін (ер адам 63, әйел адам 58 жас) есептеледі. Мәселен, 55 жастағы әйел адам 3 жылға дейін ала алады.

«Қамшы» сілтейді