Ресей Венесуэлаға екі бомбалаушы ұшақ жіберді

0

Ресей Қорғаныс министрлігі Венесуэлаға ядролық оқтұмсық алып ұша алатын екі стратегиялық бомбалаушы ұшағын жіберді. Министрлік таратқан хабарламада 10 желтоқсан күні «екі Ту-160 стратегиялық зымыран тасығыш» Каракас маңына жақын әуежайға қонғаны айтылады. Ұшақтарда қару-жарақ бар-жоғы айтылмайды.

Таяуда Венесуэла президенті Николас Мадуро Кремльдің қолдауына ие болмақ мақсатта Мәскеуге барған. Экономикасы ауыр дағдарысқа ұшыраған Венесуэла Ресейге қарыз. Венесуэла соңғы бірнеше жылда Ресейден миллиондаған долларға әскери құрал-жабдық алған.

Каракас әуежайында Венесуэла қорғаныс министрі генерал Владимир Падрино ресейлік жүз шақты әскери қызметкер, оның ішінде ұшқыштарды салтанатпен қарсы алды. Падрино ұшақтардың келуі Ресейдің «қажет болса, Венесуэланы ақырына дейін қорғауға дайын екенін» көрсететінін айтты.

НАТО Blackjack деп атайтын Ту-160 ұшақтары дыбыстан да жылдам ұшады және оны ядролық қарумен де, жай қарумен де жабдықтауға болады. Сириядағы Ресей авиациясының рейдінде бірнеше бомбалаушы ұшақ «әуе-жер» санатына жататын Х-101 қанатты зымырандарын атқан.

Associated Press агенттігінің хабарлауынша, Ту-160 стратегиялық бомбалаушы ұшақтары Венесуэлаға соңғы рет бес жыл бұрын барған. Мұның алдында, 2008 жылы Ресей-Грузия әскери жанжалы кезінде Венесуэлаға бомбалаушы ұшақтар мен әскери кеме жөнелтілген.

Дереккөз: Азаттық